БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БАР

18 қазан 2023 1865 0
Оқу режимі

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі қауым!

Баршаңызды рухани келісім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға бақ пен береке, ынтымақ пен татулық тілеймін.

Текті бабамыздан ғасырдан ғасырға жалғасқан, тәлім мен тәрбиенің бастауы болған асыл дініміз Ислам бірлік пен бейбітшілікке үндейді.

Күллі өмірі адамзат баласына өнеге болған ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы амалын мұсылман үмбетін бауырластырудан, қасиетті Мәдинада қоныстанған ру мен тайпаларды татуластырудан бастады. Осылайша бірлік пен бауырмалдық негізінде Ислам діні өркендей бастады.

Шын мәнінде, рухани келісім – береке мен бақыттың бастауы. Қаблиса жырау бабамыздың:
– Бақыт қайда барасың?
– Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі
Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлауы тегін емес.

Жаратушы Иеміз Құранда «Алланың дінінен бекем ұстаныңдар, бөлінбеңдер» деп бұйырса, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен сіздерге көпшілікпен бірге болуға кеңес беремін. Бөлінуден сақтаныңыздар...» деп өсиет еткен.

Хәкім Абай бұл өсиетті: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген оймен сабақтастырды. Мемлекет басшысы, қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз».

Алла Тағала еліміздің сыртын жаудан, ішін даудан сақтағай. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру