Бейбіт Мырзагелдиев Жамбыл облысының бас имамы болып тағайындалды

11 сәуір 2020 5303 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Жамбыл облысының бас имамы қызметіне бұған дейін ҚМДБ Діни білім жəне кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Бейбіт Мырзагелдиев тағайындалды.

Елордадан арнайы келген ҚМДБ Қайырымдылық және уахып істері бөлімінің меңгерушісі Қамалжан Бекбосынұлы Жамбыл облысының жаңа бас имамын таныстырып, алдағы атқарар қызметіне сәттілік тіледі. Мешіт қызметкерлері қатысқан жиында Қамалжан Бекбосынұлы Қанат Жұмағұлдың бас имам қызметін үлкен абыроймен атқарғанын атап өтті.

«Қанат Әділханұлы Жамбыл облысының өкілдігін басқарған уақытта облыстың діни ахуалын көтеруге ерен еңбек сіңіріп, Жамбыл облысын діни қызметі жөнінен республика бойынша 3-орынға көтерді. Дін маманы болу мол жауапкершілікті талап етеді. Еліміздің әр өңіріндегі діни ахуалды реттеу үшін имамдардың бір жерден екінші бір орынға қызмет ауыстыруы қалыпты жағдай», - деп атап өтті.

Қанат Әділханұлы «Һибатулла Тарази» медресесінің директоры қызметін сақтай отырып Тараз қаласындағы «Ар Рахман, Ар Рахим» мешітіне бас имам болып тағайындалды. Жамбыл облысының жаңа бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы «Һибатулла Тарази» медресесінің директоры Қанат Жұмағұлмен бірлесе қызмет атқарып, аймақтағы діни білімді жоғары деңгейге көтеруге күш салатынын атап өтті.

БЕЙБІТ ӘЛІПБЕКҰЛЫ МЫРЗАГЕЛДИЕВ

1980 жылы 14 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1996 жылы Өзбекстанның Әндижан қаласында құран жаттау орталығын бітірді. 1998-2003 жылдары Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетінің тарих факультетін тарихшы мамандығы бойынша бітірді. 2007 жылы Пәкістандағы Дауа Академиясының тыңдаушысы болды. 2010 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия факультеті дінтану мамандығы бойынша магистрі біліктілігін алды. 2017 жылдан бастап Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің доктаранты.

Еңбек жолы:

2002-2005 жылдары Шымкент қаласы Тельман елдімекеніндегі «Төленбай» мешітінің бас имамы қызметін атқарды.
2005-2010 жылдары Астана қаласы «Нұр-Астана» орталық мешітінің наиб имамы және 2007 жылдан бастап «Астана медресесі» діни бірлестігі директорының орынбасары қызметін қоса атқарды.
2010-2014 жылдары ОҚО-ның өкіл имамы, Шымкент қаласындағы «А.Қаттани» мешітінің бас имамы және «Шымкент» медресесінің директоры қызметін атқарды.
2014-2019 жылдары ҚМДБ Қажылық және халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
2019-2020 жылдары ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру