Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм үлкен экранға жол тартты (ФОТО)

04 шілде 2019 6449 0
Оқу режимі

Кеше, 3 шілде күні елордада «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Бекзат» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Картина Сидней Олимпиадасының чемпионы марқұм Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы суреттейді,

Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, журналистер мен блогерлер, спортшылар мен өнер иелері, сондай-ақ актерлер құрамы қатысты. Бекзат Саттархановтың ата-анасы бұл көрсетілімге арнайы Түркістаннан келді.

«20 жас ғұмырында қолынан келгенше еліне барлық күш-жігерін беріп кетті. Бекзатқа қандай марапат, қандай кино шығарса да артық болмас. Бекзатты жастардың алдына үлгі етіп қойса... оның имандылығы, үлкенді сыйлауы, қазақылығы, бірбеттілігі, алға қойған мақсатын орындайтын мінезі қазіргі қазақ жастарына керек» - дейді Бекзат Саттархановтың әкесі Сейілхан Саттарханов.  

Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм үлкен экранға жол тартты

Картинаның режиссері - Мұрат Бидосов, сценарийін Сержан Закерұлы жазған. 

Фильмнің сюжеттік желісінде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. Балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті. 90 жылдардың басындағы қиын-қыстау заманға тап келген Бекзаттың балалығы көп қиындықтармен өтеді. Түркістан қаласындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әр бір сәтте сыналып отырады.

Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм үлкен экранға жол тартты

Бірде ата-анасы Бекзатты күреске қатыссын деп бапкерге апарады. Онда Бекзат өзінің сергектігімен көзге түседі. Дегенмен күреске қатысқан баланың бойы өспей қалады деген түсінікпен оны боксқа ауыстырады. Бапкерімен танысқан күннен бастап, бұл спорт түріне ерекше махаббаты ашылады. Күн сайын ерінбей жаттығып, алғаш рет Түркістанда өткен сайыста жарқырап көрінеді. Боз бала шағында Германияда өткен турнирде топ жарып, бапкерлер олимпиадаға даярлау жаттығуларына қабылдайды. 1999 жылы Ташкентте өткен бүкіл Азия біріншілігінде күміс жүлдеге ие болып, олимпиада ойындарына жолдама алады. Солай 2000 жылы Сиднейде тартысты ойындар өткізіп, алтын медальға ие болады. Фильмнің түсірілім жұмыстары Түркістан, Алматы және Ыстанбұл қалаларында өткен. Басты рөлді жас актер Самат Әзімқұлов сомдады. Ол 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасында екі рет Қазақстан чемпионы болған.

Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм үлкен экранға жол тартты

Сонымен қатар туындыдан Ғалымбек Оспанов, Мұрат Жарылқасынов, Майра Мақұлбекова, Дулыға Ақмолда, Қуаныш Мұқатай, Бақдаулет Шаймахан және басқа актерлерді көресіздер. Толық метражды картина осы күзде еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі деп жоспарланып отыр.  


 

Дереккөз: Қазақпарат

Пікірлер Кіру