Бас мүфтидің бір жылы

08 ақпан 2021 4629 0
Оқу режимі

2020 жылдың 7 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ІХ Құрылтайында Бас мүфти қызметіне Наурызбай қажы Тағанұлы сайланған еді. Бас мүфтидің бір жылдық қызметіндегі елеулі оқиғалар мен маңызды игі бастамаларға шолу жасап көрген едік.

Сабақтастық. Халық даналығында: «Жүйрік бестіден шығар, кеңес естіден шығар» деген нақыл бар. Наурызбай қажы Тағанұлы алғашқы жұмыс күні ұстазы Рәтбек қажы Нысанбайұлының батасын алып, Әбсаттар қажы Дербісәлімен кеңесті, мүфтиятты әр жылдары басқарған Ержан қажы Малғажыұлымен, Серікбай қажы Оразбен дін қызметкерінің тұлғалық келбетін қалыптастыру, діни қызметті жандандыру жайлы сұхбаттасты. Діни саладағы бұл сабақтастықтың орны қашан да маңызды...

Өткенге құрмет. Бас мүфти еліміздің киелі орындарына барып, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Досжан хазірет сынды ағартушы ғұлама-ғалымдардың рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Сондай-ақ Өзбекстанға жасаған сапарында имам Матуриди мен имам Бұхари зиратында болып, ұлық имамдардың рухына қасиетті Құран аятын бағыштап, Жаратқаннан жарылқау тіледі. Игі іс жамағатқа жақсы ой салды.

Әлем мұсылмандарына үндеу. Бас мүфти әлемнің дін көшбасшыларына «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі ниетпен Үндеу жолдап, жұма күні бір мезетте дұға жасауға шақырды. Үндеуге Түркияның, Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның, т.б. мұсылман мемлекеттерінің мүфтилері қолдау білдіріп, дұға жасау рәсіміне қатысты.

Насихаттың жаңа форматы. Жұқпалы індетке байланысты елде төтенше жағдай жарияланған сәтте жедел түрде онлайн дәрістер айтылды. Діни басқарма жанынан Діни ақпарат орталығы (call-center) ашылып, халықтың сұрағына тәулік бойы жауап берілуде. Бүгінде әлеуметтік желілерде елге белгілі ұстаздардың, ғалымдардың дәрісі мен уағызы тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Республика және облыстық деңгейде имам-ұстаздардың 11 137 онлайн дәрісі ұйымдастырылды. Осы онлайн дәрісті 15 678 238 адам тыңдады.

Е-мүфтият жобасы. ХХІ ғасыр – электронды технологияның дамыған заманы. Әлем электронды жүйеге көшу үдерісінде. Мүфтият бұл тенденциядан қалыс қалмауы қажет. Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти лауазымына сайланған сәтте «Е-мүфтият» ақпарат жүйесін іске қосты. Бұл жоба жұмыс тиімділігін арттырып, ҚМДБ Орталық аппаратының кадр қызметін оңтайландыруға оң ықпал етуде. Бүгінде Діни басқармаға қажетті камералар мен техникалық құралдар алынып, 19 облыс-өңір бас имамдарымен онлайн мәжілістер өтуде. Осы форматта жұмыс жүргізу бұрыннан ойда жүрген, бірақ жүзеге аспай келе жатқан мәселе еді. Қазір бас имамдар апта сайын онлайн режимде есеп береді.

Қайырымдылық. Қамыққан жанға қамқор болу – дін қызметкері үшін міндет болып кеткен жұмыстың бірі. Бас мүфти ел басына күн туған кезде қайырымдылық жұмыстарға басымдық берді. «Жүрек жылуы» акциясы аясында 17 мың отбасыға қайырымдылық жасалды. 67 ауруханаға ем-домға қажетті құрал-жабдықтар жеткізілді. Үйлерін су шайып кеткен мақтааралдық азаматтарға азық-түлік пен киім-кешек тиелген 50-ден астам ауыр жүк көліктері жіберілді. «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 142 мұқтаж отбасыға пәтер кілті табысталды. ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай 73 құдық, 43 көпір салынып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар 19 студенттің оқу ақысы төленді.

Бес мүфтидің басқосуы. Мүфтиятты әр жылдары басқарған Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордада басқосып, бір үстел басында сұхбаттасты, Діни басқарманың болашағы жайлы ой бөлісті. Дін қайраткерлеріне құрмет көрсетіліп, мерекелік медалмен марапатталды. Тарихи сәт таспаға жазылып, мүфтият мұрағатына берілді.

Имамдар форумы. Елордада имамдардың IV республикалық онлайн-форумы өтті. Тарихи басқосуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеүндеу жолдады. Президенттің құттықтау сөзі LED экранда бейне жазбада берілді. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Елбасының ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына жолдаған құттықтау сөзін оқып берді. Форумда «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» тұжырымдамасы құжаттары қабылданды.   

Ақпарат саласы. Бас мүфти бастамасымен ҚМДБ жанынан Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі ашылды. Бұл – ҚМДБ Орталық аппаратындағы ең ауқымды бөлім. «Ғаламтормен жұмыс» секторын, «Хикмет ТВ» телерадиостудиясын, muftyat.kz және өңірлік 21 сайтты біріктірген бөлім міндеті – Діни басқарманың 4 бағыт бойынша атқаратын қызметін үздіксіз насихаттау.

Діни басқарманың ақпарат алаңындағы жұмысын жандандыру мақсатында ҚМДБ-ның төл телеарнасы – «Халық арна» ашылды. Арна «ОтауТВ» және ІD цифрлық телеарнасы арқылы хабар таратуда. Мүфтияттың төл телеарнасын ашу да ойда жүрген, алайда жүзеге аспай келе жатқан үлкен мақсаттың бірі еді...

Діни оңалту. ҚМДБ жанынан Діни оңалту бөлімі ашылды. Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – деструктивті діни ағымның арбауында кеткен азаматтарды оңалту, оларға діни кеңес беріп, түсіндірме, насихат жұмыстарын жүргізу.

Салттық қызмет. Бас мүфти еліміздегі жерлеу рәсімдерін және зират көтеру мәдениетін бір жүйеге келтіру мақсатында ҚМДБ жанынан салттық қызмет көрсету жұмысымен айналысатын «Qamqor-Sharapat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашу туралы шешім қабылдады. Бүгінде бұл орталық өз жұмысын бастап кетті.

Ихсан ілімі. Толық адам концепциясы. Наурызбай қажы Тағанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, елімізде ихсан ілімін насихаттау туралы бастама көтерді. Сондай-ақ Абайдың кемел адам концепциясын кеңінен дәріптеп, насихаттау жұмыстарымен айналысатынын жеткізді. Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдағы жоспарлары туралы да сөз болды. Атап айтқанда, Ислам академиясын құру, Ислам және теология кітапханасын салу, еліміздегі мешіттердің архитектурасын қазақы салт-санаға сай қалыптастыру мәселелері айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысын жоғары бағалап, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі. 

Ихсан – бағзы заманнан мұсылмандық жолды ұстанған қазақ халқының діни түсінігіне етене жақын ілім. Бүгінде осы ілім жамағатқа жан-жақты насихатталуда. Осы бағытта үлкен кітап жарық көрмек.  

Жеті бағыт. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл басында барша дін қызметкеріне бағдарламалық баяндамасын жолдады. ҚМДБ Төрағасы бағдарламалық баяндамасында мүфтият өз қызметі аясында 2021 жылы жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беретінін атап өтті. Олар – ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие – ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс. Өңірлерде осы жеті бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың ай сайынғы есебі берілуде. 

 Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру