Бас мүфти жастардың онлайн форумына қатысты (ФОТО)

10 қыркүйек 2020 3663 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Жастар. Жаңа дәуір. Жасампаздық» атты онлайн форум өтті. ZOOM платформасы арқылы өткен шараны ҚМДБ Жастар ісі секторы ұйымдастырды.

Форум аясында жастарды түрлі жат идеологиялардың арбауынан сақтандыру, рухани құндылықтарымызды қастерлеуге шақыру, олардың заманға сай білім алып, өз-өзін жетілдіруге құлшынысын арттыру секілді бағыттар көзделді.

Жиында алғашқы болып сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жастардың орнын ерекше бағалаған. Бір хадисінде балалығын байсалдылыққа жеңдіріп, ақыл тоқтатып, имандылық жолында ерте есейгендерді ең қайырлы жас деп сипаттайды. Риуаят бойынша Омар ибн Хаттаб (р.а.) өзінің халифалығы кезінде қандай да бір қиын мәселе сөз болғанда жастардан арнайы пікір сұрайды екен. Өйткені олардың ойлары жүйрік, зерек болады деп тұжырымдаған» дей келе, жастардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жаман әрекеттерді жоюға атсалысуы керектігін атап өтті. Бұл істе ҚМДБ Жастар секторы жастармен тізе біріктіріп, ортақ жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Жиынға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров модераторлық жасады. Шара барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, спортшы, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Ардақ Назаров, Атырау мұнай және газ университетінің проректоры Олжас Сүлейменов, ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі Әділет Көпен, Нұр-Мүбарак университетінің докторанты Сырым Шәкизада баяндама жасады.

Жиын соңында ұсыныс-пікірлер тыңдалып, жастарға арналған үндеу жарияланды. «Мемлекеттің жарқын болашағы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты. Сондықтан қазіргі таңда елімізде жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, жан-жақты сауаттылығын арттырудың маңызы орасан. Осы бағытта баршаңызды елдің ертеңгі келешегі үшін бірігіп іс жасауға шақырамыз» делінген үндеуде.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру