Бас мүфти жаңа мешіттің ашылуына қатысты (ФОТО)

29 қазан 2021 3624 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына қарасты Келес ауданында жаңадан салынған орталық мешіттің ашылуына қатысты.

Демеушілерге ризашылығын білдіріп, аудан халқын құттықтаған Бас мүфти:

«Аллаға шүкір, еліміз бойынша Түркістан облысы мешіт саны жағынан ең бірінші орында тұрған аймақ. Облыста мыңға жуық мешіт бар. Халқымызда: «Азаны бар ауыл азбайды», – деген нақыл бар. Мешіт – барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Мешіт – Алланың үйі. Бұл құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, бірлік пен берекенің ошағына айналады деген сенімдемін. Жаңа мешіт, сонымен қатар, салт-дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы, әрі қайырымдылықтың орталығы болады» деді.

Айта кетейік, мешіт құрылысына Сатыбалдиевтер отбасы демеушілік жасады және құлшылық ордасына Сатыбалды Иманбердіұлының есімі берілді.

Қос мұнаралы мешіттің биіктігі – 38 метр, сыйымдылығы – 3000-4000 адам. Екі намазханасы, имамдардың қызмет бөлмесі, ерлер мен әйелдерге арналған бөлек-бөлек дәретхана, дүкен мен асханасы да бар. Жалпы аумағы – 1728 шаршы метр, автотұрағы – 800 шаршы метр.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру