Бас мүфти рухани келісім күніне арналған конференцияға қатысты (ФОТО)

18 қазан 2021 3039 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 18 қазан – Рухани келісім күніне орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық конференцияға қатысты.

«Қазіргі заманның сын-қатерлері жағдайында конфессияаралық және ұлтаралық келісімді нығайту» тақырыбында өткен конференцияда Бас мүфти:

«Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бейбіт жолмен қасиетті Мекке қаласын алғанда басқа сенімдегі халықтың діни рәсімдеріне құрметпен қараған. Бұл – кез-келген басшы мен кез-келген салаға жауапты адам үшін өшпес өнеге, сарқылмас сабақ деп атар едік. Алла Елшісінің өнегелі ісі басқару ісіндегі барлық адамға үлгі бола бермек.

Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 18-қазан «Рухани келісім» күні ретінде бекітіліп, осы датаға маңыз беріліп жатқан жайттың да өзіндік айрықша мәні бар. Өйткені, рухани келісімсіз келешек жоқ.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде:«Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ» деген еді.

Аллаға шүкір, бүгінде Еуразия жүрегінде бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстан төрткүл дүниеге бітімгер, араағайын, ымырашыл іргелі ел ретінде танылды. Еліміздің рухани бірлігін нығайтуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да сүбелі үлес қосып келеді» деп атап өтті.

Конференцияға халықаралық сарапшылар мен еліміздегі діни ұйымдардың жетекшілері қатысқанын айта кеткен жөн.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру