Бас мүфти Ресей Ислам мәдениеті орталығының президентімен сұхбаттасты (ФОТО)

15 наурыз 2019 5668 0
Оқу режимі

Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Ресей Ислам мәдениеті орталығының президенті, белгілі қоғам қайраткері Абдул-Вахед Ниязов бастаған делегацияны қабылдады.

Кездесуде ҚМДБ мен Ресей мүфтилер кеңесі арасындағы әріптестік, бауырмалдық байланыстың болашағы, бүгінгі мұсылман үмбетінің қарым-қатынасы, Еурапа елдеріндегі Ислам дінінің даму үдерісі, Ресей Федерациясындағы мұсылман қауымының бүгінгі тынысы, дәстүрлі Еуропа мұсылман форумының жаңа мүмкіндіктері, әлемдік халал стандарттау саласының болашағы, т.б. мәселелер сөз болды.

Абдул-Вахед Ниязов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысы мен өткен жылы атқарған ауқымды жобалары жайлы ойларымен бөлісті.

Бас мүфти 2019 жылдың 12 сәуірінде Астана қаласында өтетін «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заман сын-қатерлері» атты IV Халықаралық ғылыми-діни конференцияның жұмыс жоспары жайлы әңгімелеп берді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Ресей мүфтилер Кеңесінің бірлесе ұйымдастыратын шараның мақсаты – Елбасы бастамасымен жарияланған Жастар жылына үн қату, «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» идеяларын рухани-діни тұрғыдан насихаттау. Конференция еуразиялық кеңістіктегі халықтардың діни-мәдени мұраларын одан әрі дамытуды, жан-жақты ынтымақтастықты арттыруды, ұлтаралық, конфессияаралық диалогты нығайтуды көздейді», – деп атап өтті Серікбай Сатыбалдыұлы.

Кездесу соңында тараптар халықаралық игі жобаларды бірлесе атқаруға уағдаласты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру