Бас мүфти Құран хатым дұғасын жасады (ФОТО+ВИДЕО)

19 наурыз 2020 6697 0
Оқу режимі

Елімізде орын алған төтенше жағдайға орай ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кеше барша дін қызметкерлеріне мүмкіндігінше Құранды үздіксіз хатым етуге үндеген болатын.

«Біз – тарихымыздың сан қилы сындарлы сәттерінде үмітсіздікке берілмей, бір Алладан медет тілеген халықпыз. Осы ретте мұсылман қауымын еліміз бен жеріміздің, күллі адамзаттың амандығы үшін дұға жасауға, Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтуға шақырамын. Ал барша дін қызметкерін Құранды мүмкіндігінше үздіксіз хатым етуге үндеймін» деген Бас мүфти бастамасы еліміздегі құлшылық ордаларында жүзеге асуда.

Үндеуге үн қосқан ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігі кешеден бастап үзіліссіз Құран хатым етуге кірісті. Елорда имамдарының арнайы кестесі түзіліп, «Әзірет Сұлтан» мешітінің үлкен залында әр қызметкер кезектесіп Құран оқыды. Қасиетті Құран аяттары төтенше жағдай аяқталғанша тәулік бойы оқыла береді.

Еліміздің Бас мешітінде елорда имамдары бүгін Құранды толықтай аяқтап, хатым дұғасын жасады. Игі шараға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Бас мүфти «Әзірет Сұлтан» мешітінің имамдарымен бірге Алла Тағаладан күллі әлем халқының басына төнген індеттен сақтауын сұрап, арнайы дұға жасады.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру