БАС МҮФТИ ҚАЖЫЛЫҚ МИССИЯСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖИЫНЫН ӨТКІЗДІ (ФОТО)

22 мамыр 2024 1175 0
Оқу режимі

ҚМДБ ғимаратында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен Қазақстан қажылық миссиясы мүшелерінің алғашқы жиыны өтті.

Жиында қажылық маусымындағы Қазақстан қажылық миссиясының ұйымдастыру, үйлестіру бойынша жұмыстары пысықталды. ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қажылық миссиясының ұйымдастыру, уағыз-насихат, алғашқы дәрігерлік көмек, пәтуа беру және ақпарат бағыттары бойынша атқаратын іс-шараларының маңызына тоқталып өтті.

«Осындай ұлы, сауапқа толы ұлық сапарды ұйымдастыруға Алла Тағаланың қалауымен мүмкіндік алған өздеріңізге береке, бірлік тілеймін. Бұйырса, бұл сапар – сындарлы сәт, әрі ұлы құлшылық. Осы жауапкершілігі мол уақытта баршаңыз аянбай қызмет жасау қажеттігін қаперге алуды жеткіземін. Баршаңызға ұлы сапардағы игі істеріңізді абыроймен атқарып келуді тілеймін. Қажылық – машақаты бар үлкен құлшылық. Құлшылық жасаушыларға аянбай қызмет жасау – әрқайсыңызға міндет. Елімізден баратын 5081 қажы аман-есен құлшылықтарын жасап, қажылықтары қабыл болған күйде елімізге оралсын! Әмин» деді Бас мүфти.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы миссия өкілдерінің міндетін нақтылап, бес парыздың бірі саналатын қажылыққа мұқият дайындық жасауды тапсырды.

Айта кетейік, биыл конкурстық негізде 16 туроператорға жалпы саны 5081 қажылық орны бөлінді. Қажылар 2-10 маусым аралығында қасиетті сапарға аттанып, маусым айының 21-28 аралығында елге оралады деп жоспарлануда. Тасымалдау жұмыстары биыл Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Ақтау қалаларынан жүзеге асады. Қазақстандық қажыларға отандық «Air Astana» мен «SCAT», сондай-ақ «Flynas» (Сауд Арабия Корольдігі), «Air Arabia» (БАӘ), «Jazeera» (Кувейт) мен «Turkish Airlines» (Түркия) сынды халықаралық әуе компаниялары қызмет көрсетеді. 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру