Бас мүфти Өзбекстанның мұсылман қауымына көңіл айтты

16 тамыз 2021 3553 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Өзбекстан мүфтиі Усмонхон Темирхон уғли Алимовтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, барша өзбек халқына көңіл айтты.

«Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, мүфти Усмонхон Темирхон уғли Алимов Хазіреттің қайтыс болғаны туралы қаралы хабар біздің де жанымызға қатты батты. Өзімнің және Қазақстан мұсылман жамағаты атынан Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымына, барша өзбек халқына көңіл айтамын. 

Алла Тағала Усмонхон Хазіретті панасына алып, рақымына бөлегей. Иманы саламат болғай. Асыл дініміз Исламның дамуына қосқан ізгі істеріне мол сауаптан жазып, жәннаттың жоғары дәрежесін нәсіп еткей.

Усмонхан Хазірет қазақ-өзбек арасындағы рухани байланыстың бекуіне сүбелі үлес қосты. Қазақстан және Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының әріптестік қарым-қатынасының нығаюына ерекше еңбек сіңірді. Біздің игі бастамаларымызға қолдау көрсетіп, жақсы істердің жанашыры болды. Марқұмның сауапты істері Жаратушы Жаббар Иеміздің жарылқауына себепші болсын деп тілейміз. Алла Тағала марқұмның отбасына, туған-туыстарына көркем сабыр нәсіп еткей. Әмин!» делінген Бас мүфтидің көңіл айту жедел хатында.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру