Бас мүфти он тоғызыншы қайырымдылық мекемесінің ашылуына қатысты (ФОТО)

19 мамыр 2021 3583 0
Оқу режимі

Бүгін Батыс Қазақстан облысына ресми сапармен барған Наурызбай қажы Тағанұлы Орал қаласының іргесінде салынған Қайырымдылық мекемесінің ашылуына қатысты.

Салтанатты жиында Бас мүфти: «Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беріп келеді. Соның бірі – қайырымдылық жұмыс.

Біз қазақ балаларын оқытып, оларды отаншылдық, патриоттық, имандылық бағытта тәрбиелеу мәселесіне назар аударып, облыс орталықтарынан қайырымдылық мекемелерін ашып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – жеке тұлғаны имандылыққа, адамгершілікке, ұлттық салт-дәстүрге сай тәрбиелеу, баланың ғылымға, өнерге, әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін дамыту, оларды патриотизмге баулу, тәрбиеленушінің денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, оларды зиянды әдеттерден сақтау, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік-рухани көмек көрсету, жетім балаларды әлеуметтік қолдау, т.б.

Бүгін біз тариxи сәттің куәсі болып отырмыз. Бәйтерек ауданындағы «Асан ауылдық мешіті» жанынан қайырымдылық мекемесін ашып, ел игілігіне беріп отырмыз. Алла Тағала осы ғимараттың ашылуына атсалысқан барша азаматтарға мол сауаптан жазғай! Осы жерден болашақ ғалымдар мен ел игілігі үшін қызмет ететін азаматтар шығады деген сенімдемін» деді.

Айта кетсек, екі қабаттан тұратын ғимаратта шәкірттер үшін жатақхана, спорт зал, дәрісхана, іс-шаралар өтетін арнайы зал бөлмесі бар.

Еліміз бойынша 19 қайырымдылық мекемесі жұмыс істейді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру