Бас мүфти «Нұр Астана» мешітінде жұма уағызын айтты (ФОТО)

21 ақпан 2020 5725 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Нұр Астана» мешітінде «Намаз – ұлық ғибадат» атты тақырыпта жұма уағызын айтты, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.

Бас мүфти жамағатқа ардақты Елшінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «көзімнің нұры» деп атаған, діннің тірегі, әрбір мұсылманның миғражы саналатын, бес парыздың бірі – намаз жайында салиқалы сөз қозғады.

«Пайғамбарлар сардары (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде сахабаларынан «Сендердің араларыңнан бір адамның есігінің алдында өзен ағып, ол сол өзенге күніне бес рет шомылса, ол адамда кір қала ма?» – деп сұрағанда, сахабалар: «Жоқ қалмайды», – деп жауап қайырады. Сонда Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Судың кірді тазалайтыны секілді бес уақыт намаз да күнәларды тазалайды», – деп мұсылмандарды сүйіншілеген.

Яғни күнделікті күйбеңмен көңіліміз бен жүрегімізді қалайша тот басып қалғанын байқамай жатамыз. Көңілге түскен кірбіңді, жүрекке түскен дақты тазартып, мұсылманды арлы, абыройлы болуға жетелейтін, екі дүниеде де дәрежесін жоғарылататын осынау ғибадатқа жіті мән беріп, асқан кірпияздықпен қараған абзал. Басқа бір хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла құзырында ең сүйікті амал қайсы?» деген сұраққа «уақытында оқылған намаз» деп жауап бергені айтылады. Олай болса, Алланың құзырындағы сүйікті амал саналған намаз әрі рухани кірлерден тазаруға, әрі қызғаныш, көреалмаушылық, жек көру сияқты жүрек ауруларынан арылуға, әрі күнәлардан бойымызды аулақ салуға септігін тигізетін бірден-бір амал», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар, Бас мүфти намаз құлшылығының парыз болу тарихына, діндегі орнына, әрбір мұсылман үшін маңызы мен қасиеті жайында баяндап, ғұламалар өмірінен ғибратты тәмсілдер айтып өтті.

Намаз соңында Құран оқылып, сауабы марқұмдарға бағышталды. Сосын жамағатпен ел-жұртымыздың тыныштығы мен әлем мұсылмандарының бейбітшілігіне арнап дұға жасалды.

 

Дереккөз: ummet.kz

Пікірлер Кіру