Бас мүфти Назарбаев орталығының төрағасымен кездесті (ФОТО)

20 қыркүйек 2021 2448 0
Оқу режимі

Елордада ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевпен кездесті.

Кездесу барысында Болат Сәрсенбаев Бас мүфтиге Съездің XIX Хатшылығы мен жұмыс тобының дайындық жұмысын таныстырды. Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлына 5-6 қазан күндері өтетін іс-шараға арнайы шақыру табыстады.

«Бір дөңгелек басына дәстүрлі дін өкілдерін жинайтын, ел астанасы Нұр-сұлтан қаласында кезекті тарихи шара орын алмақшы. Еліміз үшін осындай халықаралық маңызы зор шарада әрқашан татулыққа, бейбітшілікке үндейтін аяулы дініміздің көшбасшысы ретінде сіздің белсене қатысуыңыз өте маңызды» деді Б.Сәрсенбаев.

Өз кезегінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы маңызды шараға шақырғаны үшін Болат Сәрсенбаевқа алғысын білдіре отырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасын халықаралық дәрежеде насихаттауға, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың елдегі бірлікке бастар саясатына үлес қосуға әрқашан дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар, Болат Сәрсенбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының еліміздің пандемия кезінде қарапайым адамгершілік қағаидаттарын дәріптеп, рухани бірлікке шақырып келе жатқан еңбегін жоғары бағалап, конфессияаралық бағыттағы ортақ мақсаттар нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру