Бас мүфти Мысырда ислам істері жөніндегі жоғары кеңесте баяндама жасады (ФОТО)

14 наурыз 2021 3283 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасына жасаған ресми сапары кезінде Каир қаласында басталған Ислам істері жөніндегі Жоғары кеңестің 31-інші халықаралық конференциясында баяндама жасады.

«Діндер мен мәдениеттер арасындағы диалог» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық конференцияда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:

«Қазақстан мен Египет Араб Республикалары арасында рухани, тарихи, мәдени байланыстар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Мысыр астанасы Каир қаласындағы Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс атындағы мешіт екі елдің достық қарым-қатынасының рәмізі іспетті. Қазақстан жерінде кіндік қаны тамған Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс бабамыздың мұрасы Мысыр халқы үшін тарихи маңызды нысан болып саналады. Бұл – Мысырды мұсылман әлемінің орталығына айналдырған, Каирді Аббасид халифатының астанасына дейін көтерген бабамыздың дәуірінен мирасқа қалған тарихи ескерткіш. Тарихи нысан Мысырдың мұсылман әлеміндегі ерекше рөлін, Таяу Шығыстағы беделі мен абыройын асқақтата беретініне сенімдіміз», - деді.

Бас мүфти өз баяндамасында бүгінде діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетсек, Ислам істері жөніндегі Жоғары кеңестің 31-інші халықаралық конференциясына 100-ден астам мұсылман мемлекеттерінің мүфтилері мен ғалымдары қатысуда. Конференция жұмысы бүгін де жалғасады.

Қазақстандық делегация құрамында ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбеков, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов, Нұр-Мүбәрак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, Нұр-Астана мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов бар.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру