Бас мүфти мен Түркістан облысы әкімі «Darhan dala» жобасын талқылады (ФОТО)

18 маусым 2021 3247 0
Оқу режимі

Бүгін Түркістан облысына ресми сапармен барған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевпен кездесті.

Наурызбай қажы Тағанұлы мен Өмірзақ Естайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы іске қосқан «Darhan Dala» жобасын талқылады. Бас мүфти аталған жобаны жүзеге асыруда киелі Түркістан шаһарының әлеуетін айрықша атап өтті.

«Түркістан топырағы тарихи ескерткіштерге бай өлке. Арыстан баб кесенесі – көне Отырар жеріндегі маңызды ескерткіштің бірі. Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткішінің бірі. Тарихи кесенелерді зиярат етушілер саны күннен күнге артып келеді. Сіздің жемісті еңбегіңіздің арқасында Түркістан қаласының жаңа заманауи келбеті қалыптасты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатында «Darhan Dala» жобасын іске қосты. Жоба мақсаты – халық арасында дін мен дәстүрімізге сай киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптастыру, жұртшылыққа шариғат әдебін сақтауды үйрету, Түркістан қаласына, басқа да тарихи, киелі орындарға тур ұйымдастыру. Аталған жобаны ҚМДБ жанындағы «Darhan Dala Travel» туристік фирмасы имамдардың атсалысуымен жүзеге асырады», - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Діни басқарманың игі бастамасын қолдайтынын жеткізіп, ізгі ниетін білдірді, сонымен қатар әкімдік тарапынан үйлестіру жұмыстарына қатысты мәселелерге назар аударылатынын атап өтті.

Айта кетсек, «Darhan Dala Travel» туристік фирмасы бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, шетелдегі және еліміздегі киелі орындарға зиярат, денсаулық, экотуризм бағыты бойынша тур ұйымдастырады.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру