Бас мүфти мектеп мұғаліміне баспана кілтін табыстады (ФОТО+ВИДЕО)

05 қазан 2020 5288 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Елорда іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғыны Мая Цопонқызына үш бөлмелі үйдің кілтін табыстады. Төрт жылдан бері 40 тонналық темір контейнерді паналап келген мектеп мұғалімі үшін бүгіннен бастап бақытты күндердің есігі айқара ашылғандай. ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Нұр-Сұлтан өкілдігінің ұйытқы болуымен 279-баспана кілті – Мая Цопонқызына төл мерекесінде жасалған теңдессіз сыйлық болды.

Осыдан төрт жыл бұрын жұбайы Әскер Калемханұлы басынан жарақат алып, еңбекке жарамсыз болып қалғалы тағдыр тауқыметі титықтатқан шарасыз отбасы темір контейнерді паналап келген болатын. Сырқат күйеуі мен екі баласын асырау оңайға соқпаса да, Мая Цопонқызы Қоянды мектебіндегі ұстаздық қызметінен қол үзбеген. Қиындықпен жалғыз алысқан қайсар жанға құрмет ретінде мерекелік шара Ұстаздар күніне орайластырылып, Калемхановтар отбасы үшін тосын сый жасалды

Игілікті шараға белгілі тележүргізуші, сенатор Дана Нұржігітқызы арнайы қатысып, мектеп мұғалімінің қуанышымен бөлісіп қайтты. Жаңа баспанада жайылған дастархан басында ізгі тілектер айтылып, қазақы дәстүрге сай жаңа шаңыраққа қажетті сыйлықтар тарту етілді. Игі шараға демеушілік танытып, сүттей ұйыған бір отбасының бақытты болуына септіктерін тигізген Ерлік Өмірғали бастаған ел ағалары да қуаныштың басынан табылып, ізгі тілектерін білдірді.

Суреттер топтамасын «ФОТОГАЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру