Бас мүфти Куба елшісін қабылдады (ФОТО)

13 наурыз 2019 5591 0
Оқу режимі

Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Куба Республикасының еліміздегі Төтенше және Өкілетті елшісі Эмилио Певида Пупо мырзаны өз өтініші бойынша қабылдады.

Кездесуде Қазақстан мен Куба Республикасы арасындағы қарым-қатынас сөз болды. Дипломат Бас мүфтиге Куба халқының мәдени, рухани өмірі жайлы баяндап берді.

«Біздің қоғамның басты құндылығы – халықтар арасындағы бірлік. Бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында көптеген игіліктер мен жетістіктерге жеттік. Біздің елде Елбасының бастамасымен әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі өтеді. Жер, әлем, мекен – бәрімізге ортақ. Сондықтан, кез келген ұлт пен дін өкілінің татулықта өмір сүруі маңызды мәселе», – деп атап өтті Серікбай қажы Ораз.

Басқосу соңында Эмилио Певида Пупо арнайы қабылдап, сұхбаттасуға келісім берген Бас мүфтиге алғысы мен жылы лебізін білдірді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру