Бас мүфти коронавирусқа қарсы екпе салдырды (ФОТО)

01 шілде 2021 3583 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы COVID-19 індетіне қарсы екпе алды. Отандық QazVac вакцинасын салдырған Бас мүфти екпеден соң өзін жақсы сезінгенін мәлімдеді.

«Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік», – деген. Бұл хадис әрбір дерттің емі бар екенін білдіреді. Ал шариғат бойынша зәру жағдайда екпе салуға болады. Алайда екпе салдыру – әр азаматтың өз еркі. Бүгін міне алғашқы дозасын алдым, енді 21 күннен соң екінші компонентін қабылдаймын. Дәрігерлерге алғысым шексіз, вакцинаны салғанын тіпті сезбей қалдым. Өздеріңіз білесіздер, әр аймақта біздің имамдар екпе алуды бастап кеткен болатын. Діни басқарманың да біраз қызметкерлері індетке қарсы екпе салдырып жатыр. Мамандардың сөзіне құлақ асып, денсаулық үшін маңызды деген соң осындай қадамға барып отырмыз» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, елордадағы №9 қалалық емханасында Бас мүфтимен бірге ҚМДБ ұжымы, оның ішінде Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов вакцинаның алғашқы компонентін қабылдады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру