Бас мүфти Халықаралық конференцияға қатысты (ФОТО)

29 наурыз 2021 4158 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Нұр-Мүбарак университетінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен «Қазақстан – дінаралық татулық бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Наурызбай қажы Тағанұлы конференцияға қатысушыларды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтай келе, егемен ел болу әрбір ұлттың маңдайына бұйыра бермейтін бақ екенін атап өтті.

Бас мүфти өз сөзінде Исламның барлық заманға жауап беретін адамзат пен жындарға жіберілген соңғы иләһи дін екенін, жауластыру мен дауластыруды емес, татуластыру мен елдестіруді мақсат тұтатынына тоқталды.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы кезде мүшріктерге қарағанда кітап иелерін жақын тұтқанын, кейін Рим, Мысыр, Хабаш патшаларын Исламға шақырып хат жолдағанын атап өтті. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударған кезде жергілікті яһудилермен де тату тұрғанын, осы бағытта арнайы «Мәдина келісімі» қабылданғанын еске салды.

ҚМДБ Төрағасы сондай-ақ өзге дін өкіліне қысым жасауға болмайтынын алға тартып, Пайғамбарымыздың мұсылман қоғамында өмір сүріп жатқан өзге дін өкіліне зәбір көрсетпеуге шақырғанын еске салды. Сөзін қортындылаған Бас мүфти әлемдегі 57 мұсылман елінің бірі – біздің Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бері дінаралық және ұлтаралық татулыққа аса мән беріп келе жатқанын атап өтті.

«Біздің мемлекет – зайырлы мемлекет. Сондықтан діни сенім еркіндігі мен бостандығы заң аясында бекітілген. Ешкімнің діні мен тіліне, ұлты мен нәсіліне қол сұғылмайды. Ендігі мақсат – бірлігімізді танытып, бір-бірімізге қолдау көрсету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында: «Алдымызда ауқымды әрі күрделі міндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет» деп атап өткен болатын. Мұсылман адам өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше Исламнан алшақтатқаны үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Баршаңызды асыл дінімізді көркем түрде насихаттауға шақырамын», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, конференцияда Нұр-Мүбәрак университетінің ректоры, профессор Мұхаммад әш-Шаххат әл-Жинди, ҰҒА академигі, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ресей Ислам институтының ректоры (Татарстан), профессор Рафик Мухаметшин, Халықаралық имам Бұхари ғылыми зерттеу орталығының (Өзбекстан) директоры Шавасил Зиядов, Ишеналы Анарбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің Тарих және әлеуметтік құқықтық білім беру факультетінің деканы, профессор Назира Курбанова, Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі, профессор Бақытжан Сатершинов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, профессор Айнұр Құрманалиева, Нұр-Мүбарак университеті Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры Шамшәдин Керім, басқа да ғалымдар қатысып, баяндама жасады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру