Бас мүфти карантин кезіндегі насихат жұмыстары туралы баяндады

24 шілде 2020 5536 0
Оқу режимі

Әлемдік пандемияға байланысты наурыз айынан бастап ҚМДБ имамдары, ғалым-ұстаздары онлайн насихат жұмыстарына көшті. Бұл жөнінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен тоқталды.

«Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, имамдарымыз бен дін жолындағы ғалымдарымыз әлеуметтік желілерде күніне 3 рет тікелей эфирде уағыз айтып, халықтың сұрақтарына жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сәуір, мамыр, маусым айларында өңірлерде әлеуметтік желілер мен YouTube арнасы арқылы 1 500-ден астам уағыз айтылды.

Мүфтиятқа қарасты «Мұнара» діни-танымдық газеті, HikmetTV теле-радио студиясы, республикалық және аймақтық 22 діни сайт, тәулік бойы екі тілде ақпарат беретін республикалық Call-орталық (33-30-30) арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз» деді Бас мүфти.

Сонымен бірге, ҚМДБ төрағасы Мүфтиятқа қарасты Ғұламалар кеңесі Пандемия кезінде тарихи діни шешімдер шығарып, 12 маңызды құжат қабылдағанын да тілге тиек етті.

«Аталған құжаттар ішінен «ҚМДБ-ның Қауіпті жұқпалы індеттен қайтыс болған адамның мәйітін жерлеуге қатысты пәтуасын» айтуға болады. Аталмыш пәтуада жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмауға үндедік. Халықты жинап қонақ асын өткізуді, жерлеу рәсімінен кейін ас беруді, жетісі, қырқы, жылы т.б. рәсімдерді елімізде індет жағдайы толық тұрақталғанға дейін тоқтатуға шақырдық. Имамдар осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

ҚМДБ «ЗЕКЕТ» ҚОРЫ АУРУХАНАЛАРҒА 255 ДАНА ОТТЕГІ ЖЕЛДЕТКІШІН ТАБЫСТАДЫ

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру