БАС МҮФТИ ИНДОНЕЗИЯ ДЕЛЕГАЦИЯСЫН ҚАБЫЛДАДЫ (ФОТО)

15 қыркүйек 2022 2491 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Әлемдік діндер лидерлерінің VII съезі аясында Индонезияның «Нахдлатул Улама» Атқарушы кеңесінің Бас төрағасы Яхья Холил Стакуфты қабылдады.

Кездесуде ресми өкіл Индонезия елі үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен әріптестік байланыс орнату аса маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ жетінші рет өтіп отырған Әлемдік діндер лидерлері съезінің халықтар достығы мен әртүрлі сенім иелерінің өзара түсіністік алаңына айналғанын тілге тиек етті.

Басқосуда Бас мүфти мен Индонезия делегаты діни ағарту, халал өнімдерді стандарттау, Қазақстан және Индонезия Ғұламалар кеңесі арасында әріптестік ынтымақтастықты арттыру, оқу-білім салалары бойынша байланысты нығайту мәселесін талқылады. Одан бөлек Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарманың басты жеті бағыт бойынша жұмысы жайлы баяндап берді. Кездесу соңында тараптар оқу-ағарту, білім-ғылым, халал стандарттау саласы бойынша ортақ жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Айта кетейік, Индонезия – мұсылмандар ең көп шоғырланған мемлекет. 273 миллионнан астам халқының 83 пайызы Ислам дінін ұстанушылардың үлесінде. Аталған елде 30-ға жуық Ислам университеті бар. Оның 23-і мемлекеттік университет екен.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру