Бас мүфти Берлинде халықаралық мұсылмандар форумына қатысуда (ФОТО)

11 желтоқсан 2019 5156 0
Оқу режимі

Бүгін Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы бастаған делегация Германия астанасы Берлин қаласында басталған XV Халықаралық мұсылмандар форумына қатысуда. Делегация құрамында ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы да бар.

«Постсекулярлық әлем жағдайындағы дінаралық диалог – өзара ықпалдасудың тұғырнамасын іздеу» атты тақырыпты арқау еткен халықаралық форумға Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасы және Мүфтилер кеңесінің төрағасы, шейх Равиль Гайнутдин, Түркия Дін істері басқармасының төрағасы, доктор Әли Ербаш, т.б. халықаралық діни ұйымдар мен дін саласындағы мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысуда.

Халықаралық форумның ашылу салтанатында баяндама жасаған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз: «Дін – адам баласының рухани тұрғыдан күйзеліске ұшырау кезінде әрқашан көмекке келетін қуатты күш. Ислам – барша мұсылман үмбетінің рухани тірегі. Алайда әлемдік ақпарат құралдарында Исламды кемсіту үрдісі жиі кездеседі. Бұл мәселе бүгінде барлық дінге қатысты болып тұр. Ақиқатында бір-бірімен жауласатын дін емес – адамдар. Бұл ретте әр адам дін туралы көзқарасын түзеуі тиіс. Осы ретте діндер көшбасшыларының онлайн форумын өткізуді ұсынамын. Желілік ресурстар қоғамға ізгілікті насихаттаудың орнына адам санасын теріс арнаға бұруға ұмтылып жатқан қазіргі жағдайда бұл игі бастама мұсылман қауымын жақсылыққа үндейтін болады», – деп атап өтті.

Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен осымен он бесінше рет өтіп жатқан Халықаралық мұсылмандар форумы Берлин қаласында 11 желтоқсанға дейін жалғасады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру