Бас мүфти «Берекелі рамазан керуені» акциясына қатысты (ФОТО+ВИДЕО)

30 сәуір 2021 4015 0
Оқу режимі

Қасиетті Рамазан айының құрметіне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Берекелі Рамазан керуені» республикалық онлайн марафоны өтті.

Бас мүфти бастамасымен өткен қайырымдылық акция барысында әр өңір орталықтарынан алдын ала дайындалған азық-түлік тиелген жүк көлігі шалғайда орналасқан ауыл-аймаққа қарай жолға шықты. Өңір имамдары және «Зекет және қайырымдылық» қоры өкілдерінің ұйытқы болуымен 11700 мұқтаж отбасыға азық-түлік үлестірілді.

«Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресінде: «Өздеріңді Аллаға жақындататын ізгі істерде, тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер! Ал күнәлі істерде һәм дұшпандық жасап, шектен шығуда біріңе-бірің болыспаңдар», - десе, адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең қайырымдысы – өзгеге пайдасын тигізгені» деген. Мінеки, Талғат Омаров бастаған «Зекет және қайырымдылық» қоры мамандары мен өңірлердегі имамдардың арқасында Рамазан айында күн сайын үздіксіз қайырымдылық іс-шаралары өтіп жатыр, ауызашарлар беріліп жатыр. Алла сіздерге разы болсын! Елімізді аман, жұртымызды тыныш етіп, ізгі амалдарымызды, дұға-тілектерімізді Алла Тағала қабыл етсін!» - деп Бас мүфти бата беріп, қайырымдылық керуенін шығарып салды.

Сондай-ақ, облыс имамдарының атынан Ақтөбе қаласының бас имамы Төлеби Оспан, Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет және Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы онлайн марафонды қабылдап, жолға шыққан дін қызметкерлеріне, еріктілерге сәттілік тіледі.

Айта кетейік, 13 сәуір – Рамазан айының алғашқы күнінен бастап күні бүгінге дейін «Зекет және қайырымдылық» қорының және өңір имамдарының ұйытқы болуымен 60 мыңға жуық отбасыға «Ауызашар қоржыны» таратылса, «Берекелі Рамазан сыйы» акциясы аясында көпбалалы аналар, жетімдер мен мүгедектерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 12000-ға жуық азық-түлік себеттері үлестірілді.

«Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Талғат Сейіткәрімұлының айтуынша, «Ел үлесі – пәтерге» жобасымен баспанаға мұқтаж 7 отбасыға үй берілсе, «Өмірге үміт сыйла» жобасымен Нұр-Сұлтан қаласының №1 ауруханасына 3 дана оттегі концентраторы, 30 дана пульсоксиметр, 30 дана тыныс алуға арналған аппарат тарту етілді. Одан бөлек «Берекелі Рамазан сыйы» акциясымен 150 азық-түлік себеті медицина мамандарына таратылды.   

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру