БАС МҮФТИ «БЕКЕТ АТА ЖӘНЕ ИХСАН ІЛІМІ» КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

29 қараша 2023 1936 0
Оқу режимі

Бүгін Маңғыстау облысы Ақтау қаласында өтіп жатқан «БЕКЕТ АТА ЖӘНЕ ИХСАН ІЛІМІ» республикалық ғылыми-танымдық конференцияда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы баяндама жасады.

ҚМДБ Төрағасы ең алдымен ихсан ілімі жайында айта келе, әйгілі Бекет атаның өмір жолы, оның қайраткерлік тұлғасына тоқталды.

«Маңғыстау Машайықтың басқан жері
Қасиет-кереметі тасқан жері.
Жер жүзін желмаямен жеті айналып,
Ауғанға Асан бидің асқан жері... демекші бүгінгі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Оғландыны мәңгілік мекен Пір Бекет атамыздың құрметіне ұйымдастырып отырған Бекет ата және ихсан ілімі атты конференцияға қош келдіңіздер.

Бекет Мырзағұлұлы жасынан білімге құштар боп өседі. Ол Хиуаға барып, Шерғазыхан медересесінде Бақыржан (Фахраддин) Мұхаммадұлынан 7 жыл дәріс алып, 21 жасында елге оралады. Елге оралғаннан кейін ислам дінін уағыздап, ұстаздық жұмыспен айналысады. Өмірінің соңына дейін шәкірт оқытып, ұстаздық еткен Бекет ата бала оқытып қана қоймай, бірнеше мешіт салған. Ел аузындағы әңгімелерде салынған мешіт саны – жетеу, нақты белгілісі – бесеу. Олардың төртеуі – тау-төбелерді үңгіп, қашап жасалған ерекше мешіттер.
Бекет ата ғұмыр бойы исламның жүрегі саналатын ихсан жолын ұстанып өтті. Халық оның білімділігін, ерекше қасиетін, сабырлы болмысын, көптің тілін тауып көңілден шығуын айрықша бағалады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да ихсан ілімін насихаттап, «Сопылық сыры» деген атпен көлемді кітап шығарды. Мұның бәрі сайып келгенде кешегі бабалар ұстанған жолды жалғастыру.

Бекет ата өзінің ісімен де, сөзімен де үлгі бола білді. Ол әрдайым:

«Тек қана бір Аллаға сыйыныңдар»,

«Алладан медет тілеңдер!»

«Ата-аналарыңды сыйлаңдар!»

«Біреуге қиянат, не озбырлық жасап тұрып менің атымды атамаңдар!» деп өсиет қалдырған» деп атап өтті Бас мүфти.

Конференцияда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Бекет атаның өмірі терең тұңғиық, оны әлі де зерттей түсу қажеттігін және бүгінгі конференцияның маңызы зор, тәрбиелік, тағылымдық мәні бөлек екенін жеткізді. Одан бөлек жиында Өмірзақ Озғанбайұлы, Төрәлі Қыдыр, Әшірбек Муминов, Ислам Мырзабекұлы, Думан Сайфолла арнайы баяндама жасап, Бекет ата өмірінен тың деректер жеткізді. Сондай-ақ қатысушы ғалымдар бірауыздан Бекет ата өмірін ғылыми-танымдық мақсатта зерттеп, есімін ұлықтау мақсатында бірқатар маңызды іс-шаралар атқару жоспарын бекітті.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру