БАС МҮФТИ «ӘЛ-ФАРАБИ» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

27 қаңтар 2023 2464 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде жамағатқа жұма уағызын айтты.

«Қасиетті Құранға құрмет көрсету» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Алла Тағала Құран Кәрімнің «Шура» сүресінде: (Мұхаммед) саған осылайша әмірімізден бір «Рух» (Құранды) уахи еттік» дейді. Себебі рухтың денеге өмір сыйлайтындығы сияқты, Құран кітабы да адамның жүрегіне өмір сыйлап, оны екі дүние бақытына жетелейді. Құранда адам баласының ақылы мен рухына, тіпті барлық сезімдеріне қажет нәрселер түгел қамтылған. Жеке тұлға, қоғамдық, рухани һәм ақыреттік ғұмырға тиісті қажеттіліктіктің тұтасы болғандықтан ол – дертке шипа, жанға дауа кітап. Құран негіздері пенденің «толық адам» шыңына қарай қанат бітіріп, һәм нәпсінің тізгінін тартып, рухтың асқақ сезімдерін қанағаттандыруда ерекше дара. Құран адам жаратылысына сәйкес болғандықтан түсінетін дәрежеде сөз қозғап, ой-санамызға қажетті барлық зәру ілімдерді үйретеді.

Ендеше, әр адам Алла Тағаланың кәләмін қастерлеп, қасиетті Құранға үлкен құрмет көрсетуі қажет» деді.

ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру