БАС МҮФТИ АБАЙ ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА МЕШІТТІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

23 қыркүйек 2022 3730 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен Семей қаласына қарасты Степной кентіндегі жаңа мешіттің ашылу салтанаты өтті.

Құлшылық үйіне ғұлама-ғалым, дін қайраткері, ұстаз Ахметсафа қажы Қалдыбайұлының есімі берілді. Ашылу рәсіміне арнайы қатысқан Бас мүфти жамағатты құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақтың арғы-бергі тарихында аты қалған, тәуелсіздік жолында күрескен азаматтардың есімін мешіттерге беріп келеді. Бұл құлшылық үйіне ғұлама-ғалым, дін қайраткері Тыныбай мешітінде талай жыл имам болған Ахметсафа қажы Қалдыбайұлының атын беріп отырмыз. Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Бабаларымыз «Азаны бар ауыл азбайды» деген. Сондықтан мешіт – тағылым мен тәрбиенің орны. Жаратқанның разылығын алу мақсатында аға-бауырларымыз осындай келбетті ғажап мешітті Діни басқармаға тарту етіп отыр. Алла сауаптан жазсын!» – деді ҚМДБ Төрағасы.

Ахметсафа хазірет Семейдегі «Тыныбай» мешітінде 1954 жылдан 1973 жылға дейін имам болып қызмет етті. Яғни, 20 жылға жуық уақытын мыңдаған адамды дінге тартуға, намазға ұйытуға арнады. Қызмет еткен жылдары мешітке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, құлшылық үйіне жаңа дем берді. Ел алғысына бөленген ғұлама-ғалым имамдық қызметті абыроймен атқарып, саналы ғұмырын дінге қызмет етуге арнады. Бүгінде ұрпағы да дінге қызмет етіп, мешіт ашып отыр. Ахметсафа Хазіреттің ұлы Мұзафар жиылған жамағатқа ризашылығын білдіріп әкесі ұстаған Құран мен киген шапан-сәлдесін Мүфтият музейіне сыйлады.

Айта кетейік, 5000 тұрғыны бар Степной кентінде бұрын мешіт болмаған. Жаңа мешіт 100 адамға арналған.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру