«Әзірет Сұлтан» мешітіндегі тігін үйірмесінің түлектеріне сертификат табысталды (ФОТО+ВИДЕО)

24 тамыз 2019 6335 0
Оқу режимі

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде тағы қуанышты шара болып өтті. Осыдан екі ай бұрын ашылған «Алтын ине» тегін тігін үйірмесінің бүгін алғашқы түлектері оқу курсын тәмамдап, арнайы сертификатқа ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, қасиетті Рамазан айының қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Әзірет Сұлтан» мешітінде жамағатқа арналған тегін тігін курсы ашылған болатын. Шәкірттерді тігін өнерінің сырына қанықтырып, шеберлікке шынықтырған үйірме жетекшісі Рахметова Салтанат осы уақыт ішінде 35 қыз-келіншектің «Әйелдің базалық киімдерін пішу және құрастыру технологиясы» бойынша оқу бағдарламасын толығымен тәмамдағанын айтады. Үйірме шәкірттері арасында жасы жер ортадан асқан апалардан бастап, оқушы қыздар да бар көрінеді.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы үйірме шәкірттерін бүгінгі қуаныштарымен құттықтады. Асыл дініміздің әйел затына деген айрықша құрметімен қатар, міндеті де бар екенін тілге тиек еткен наиб мүфти тігіншілік өнерін меңгеріп, бойына жақсы қасиеттерді жинауға тырысқан жамағатқа өз ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта мешіт ұстаздарының атсалысуымен тағы басқа да үйірмелер ашу  жоспарланып отырғанын жеткізді.

Шара аясында «Әзірет Сұлтан» мешінің ұстазы Динара Нұрғалиева да үйірме шәкірттеріне құттықтауын лебізін білдіріп, жаңа оқу жылындағы жоспарларымен бөлісті. Мешіттің әйел жамағаты үшін жасалатын түрлі шаралар мен кездесулер, уағыз-насихат жұмыстары мен діни дәрістерден бөлек, арнайы семинар-тренингтер мен үйірмелер жұмысы да жалғасатынын жеткізді.

Шара соңында үйірме шәкірттері мерекелік дастарханға жайғасып, айтулы оқиғаға орай әзірленген «Алтын ине» тортынан дәм татты.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру