«Әзірет Сұлтан» мешіті науқас сәбилерге «Рамазан сыйлығын» үлестірді (ФОТО)

07 маусым 2018 7766 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті «Ана мен бала» Ұлттық ғылыми орталығында ем қабылдап жатқан науқас сәбилерге арнап қайырымдылық шарасын өткізді. «Зекет» қорының Астана қаласындағы өкілдігімен бірлесе ұйымдастырылған «Сәби саулығы – ұлт болашағы» шарасы аясында осы орталықта емделіп жатқан сал ауруына шалдыққан сәбилерге «Рамазан сыйлығы» жасалды.

ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған мешіт қызметкерлері бүгін арнайы «Ана мен бала» орталығын зиярат етіп, «Рамазан сыйлығын» табыстап қайтты. Қасиетті айдың құрметіне орай ұйымдастырылған шара аясында орталықтағы білікті мамандардың емінен шипа іздеген 20 отбасыға қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ, жалпы сомасы 300 000 теңгеге науқас сәбилерге қажетті жаялық-жабдықтар, арнайы езбелер мен тағам түрлері және бүлдіршіндерге Рамазан мейірімін сезіндіру мақсатында түрлі ойыншықтар тарту етілді. Бұған қоса, мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін кәсіби клоун шақырылып, сырқатынан мезі болған сәбилерді шат күлкісін қайта жаңғыртып, жүздеріне күлкі үйірді.

Айта кетейік, республикалық «Әзірет Сұлтан» «Ана мен бала» орталығына үнемі жәрдем қолын, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Әр тоқсан сайын «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағаты ұйымдастыратын «Қайырымдылық жәрмеңкесінен» жиылған қаражаттың түгелдей осы орталыққа бағытталып, науқас сәбилердің ем-домына жұмсалып келе жатқанына да біраз жылдың жүзі болды. Қайырымдылық шарасында осы жайында ерекше атап өткен Орталық қызметкерлері «Әзірет Сұлтан» мещітіне өз алғыстарын білдіріп, Наурызбай қажы Тағанұлына арнайы «Алғыс хат» та табыстады.

Шараға қатысқан ата-аналар қауымы да «Әзірет Сұлтан» мешітінің бүгінгі шарасына өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырып жатты. Тіпті, арнайы ортаға шығып, ата-аналар тарапынан рахмет айтып жатқандар да болды. Шара соңында Наурызбай қажы Тағанұлы сырқат сәбилер үшін арнайы дұға жасап, сәбилердің тезірек сауығып, аман-есен отбасыларына оралуын тіледі.

Пікірлер Кіру