Әз Наурыз құтты болсын!

21 наурыз 2021 5247 0
Оқу режимі

Қадірлі отандастар!

Баршаңызды шуақты көктем мерекесі, күллі түркі жұртының төл мейрамы, жыл басымыз – әз-Наурызбен шын жүректен құттықтаймын!

Ізгілік пен бірлікке бастайтын мерекеде сіздерге Алланың амандығын, отбасы бақытын, жанның саулығын тілеймін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Осынау ұлттық мейрамда ақ дастархан басында үлкендер батасын беріп, бірін-бірі көптен көрмеген туыстар мәре-сәре болып, ал ренжіскендер кешірім жолын ұстанып, ізгілікті істерімен ұрпаққа өнеге көрсетеді.

Бұл күнде қоршаған ортаны тазалау, ағаш егу, бұлақтың көзін ашу сынды сауапты һәм салауатты амалдар жүзеге асады. Мұндай өнегелі іске өскелең жас ұрпақты араластырудың маңызы ерекше.  

Наурыз – барша адамзатты бірлікке, игілікке, мейірімділікке үндейтін мереке. Қараусыз қалған қарттарға қамқорлық жасап, науқас жандардың жағдайын сұрап, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлау – сауапты іс.

Сонымен қатар ағайын арасында, қоғам ішінде көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын беруге асығайық. Бұл – тағылым мен тәрбиеге толы Наурыз мерекесін насихаттаудың үлкен мүмкіндігі.

Еліміздегі пандемиялық жағдай қоғамдық іс-шараларға уақытша шектеу қойғанымен, сауап алуға ұмтылған жандар үшін жақсы істердің есігі әрқашан ашық.

Алыстағы ағайынды мерекемен құттықтап, әлеуметтік жағдайы төмен туысқандарға сындарлы сәтте мүмкіндігінше материалдық тұрғыдан қолдау көрсеткеніміз абзал. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сауапты істі өз отбасымыздан, айналадағы ағайын-туыстан бастауды үйреткен.                   \

Ардақты ағайын!

Бауырмалдық пен татулыққа үндейтін осынау шуақты мерекеде әр отбасыға бақыт пен бірлік, татулық пен бар жақсылықты тілеймін.

Мерекеде айтылған бата-тілек, әрбір жақсы сөзіміз бен дұғамыз қабыл болғай. Алла Тағала халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етіп, әр шаңырақтың берекесі мен ырзық-несібесін арттырғай.

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру