Атырауда «Халық арна» телеарнасының филиалы ашылды (ФОТО)

27 қаңтар 2021 3556 0
Оқу режимі

Бүгін Атырауда «Халық арнаның» аймақтағы филиалы ашылып, жұмысын бастады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төл арнасының филиалы тұңғыш рет Атырау облысында ашылып отыр.

Орталық «Иманғали» мешіті​ жанынан жұмысын бастаған каналдың ашылу рәсімі қасиетті Құран аяттарын оқылуымен басталды. Бұдан соң Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау хаты оқылды.

«Қазіргі уақытта имамдар алдында ақпарат алаңына иелік ету міндеті тұр. Қоғамға қажетті, ізгілікті ту етіп көтеретін, адамгершілікке шақырып, ой салатын тақырыптарды көтеріп, сүбелі сұхбаттар ұйымдастырып, әсерлі уағыз-насихат жүргізу қажет. Жаңа студия құнды ақпарат пен құнарлы уағыздың алаңы болсын деп тілеймін» делінген құттықтауда.

Филиалдың ашылу рәсіміне арнайы қатысқан Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов жаһандану дәуірінде кез келген салада шұғыл әрі нақты дерек көзіне айналудың маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты мақсаты – бұқара арасында асыл дінімізді, ділімізді, дәстүрімізді кеңінен дәріптеу. Мүфтиятқа қарасты 19 өкілдік болса, алғаш болып Атырауда ашылып отырған «Халық арнаның» филиалы рухани, мәдени жаңалықтар ордасына айналады деп сенемін» деді Марат Бектазинов.

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, еліміздің руханият саласында айтулы жаңалық орын алып отыр.

«Ақпарат саласының маңызына дер кезінде назар аударған Бас мүфти​ Наурызбай қажы Тағанұлы «Халық арнасының» ашылуына тікелей ықпал етті. Ақпарат кеңістігіне енді жол салған «Халық арна» өз аудиториясы бар ірі каналға айналарына сенеміз» дейді Алтынбек Ұтысханұлы.

Филиал студиясы төрт блоктан тұрады. Арнайы жасақталған студиялар телевизиялық хабарлар, рухани сұхбаттар, түрлі форматтағы түсірілімдер жасауға мүмкіндік береді. Телевизия саласына қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген студия осылайша облыстағы рухани, діни жаңалықтар туралы хабарларды республика көлемінде таратуға мүмкіндік беріп отыр.

Атап өтерлігі, карантин талаптары қатаң сақталып өткен салтанатты шараға Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев, Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Қалжанұлы, «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігінің директоры Ысқақ Егембердиев, «Атырау» телеарнасының директоры Қанат Әуесбай, ақсақалдар және жергілікті медиа саласының өкілдері қатысты.​

Еске сала кетейік, былтыр ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында мүфтият жанынан «Халық арна» телеарнасы ашылған болатын. Бүгінгі таңда телеарна «Отау ТВ», «IdTV» кабельдік желілері арқылы хабар таратып келеді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру