Ата-ананың балаға берер ең жақсы сыйы – тәрбие

01 маусым 2021 4133 0
Оқу режимі

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

  

Құрметті қауым! 

Халқымыз 1 маусымда халықаралық балаларды қорғау күні мерекесін атап өтеді. Бұл күні ақпарат құралдарында, игі басқосуларда балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, оларға қамқорлық көрсету, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу сынды ізгі амалдар дәріптеледі.

Расында, адамның дүниетанымы мен түсінігі күн сайын құбылған мына заманда бала тәрбиесі өзекті мәселенің біріне айналды. Осы ретте әрбір ата-ана өз ұрпағына мәңгілік медресе екенін айрықша атап өткім келеді. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген тұжырымды сөз бар. Халық даналығында айтылатын: «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» деген мақалдың мағынасы тереңде жатса керек.

Кез келген мұсылманның мұраты – иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Әкенің балаға берер ең жақсы сыйы – тәрбие» деген. Бұл – тәрбиенің маңызын меңзейтін хадис. Шын мәнінде, ата-ана өз ұрпағына тәрбиеден артық нығмет, тәрбиеден артық жақсылық қалдырған емес. Алла Елшісінің тағы бір хадистерінің бірінде балаға бір сәт көңіл бөліп, тәрбиесіне араласу садақа беруден артық амал екенін айтқан. Ғұламалардың бірі: «Бала қымбат болса, тәрбиесі одан да қымбат» деген екен.

Әр адам өз отбасына жауапты. Осы жауапкершілікті саналы түрде сезінген ата-ана бала тәрбиесіне тиянақты түрде мән береді. Ол үшін ең әуелі өзінің әдебі мен мәдениетіне мән беруі қажет. Ғұламалардың: «Бала тәрбиелеуден бұрын өзіңді тәрбиеле» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Баламызды бес жасқа дейін патшадай күтіп, мәпелеп өсірсек, он бес жасқа дейін өмір тіршілігіне икемдеп, еңбекке баулып, үлкенге қызмет етіп, батасын алуға тәрбиелесек, он бес жастан кейін онымен жеке тұлға, өзіндік ойы бар азамат ретінде пікірлесіп, ақылдасып, жиі сырласып-сұхбаттассақ, Алланың қалауымен үміт еткен ұрпағымыздың жақсылығын көретініміз анық.

Біз жас буынды «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген тәрбиелік мағынасы терең түсініктермен жөнге салған халықпыз. Осы үш ұғымды өмір сүру дағдысына айналдырған бозбала мен бойжеткен ата-анасын, одан қалса елі мен жерін ұятқа қалдырмайды.   

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Бір (қайтыс болған) пенденің дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: «Уа, Раббым! Бұл маған қайдан келді?» дейді. Сонда (Раббысы): «Бұл сенің артыңдағы балаңның саған истиғфар (кешірім) тілеуінен» дейді».

Алла Тағала баршамызға салиқалы ұрпақ нәсіп етіп, қызымызды қылықты, ұлымызды ұлықты еткей. Әмин!

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру