АСТАНА ҚАЛАСЫ ЖАСТАР ІСІ СЕКТОРЫНЫҢ ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ (ФОТО)

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Жастар ісі секторының жылдық жұмыс жоспарына арналған арнайы кеңейтілген жиын өтті. Басқосу барысында 2025 жылға арналған негізгі бағыттар мен жүзеге асырылатын жобалар талқыланып, маңызды ұсыныстар қарастырылды.
Жиынға Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов, ҚМДБ Жастар ісі секторының жетекшісі Бағыжан Күзекбай, Астана қаласы Жастар ісі секторының жетекшісі Рахымжан Жолдас, сондай-ақ елорда мешіттеріндегі Жастар ісіне жауапты мамандар қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – жастардың діни және рухани дамуына ықпал ету, ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттау, жас буынның саналы әрі сауатты тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау.
Кездесу барысында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен «Ислам және отбасы құндылығы» жылының аясында іске асырылатын кешенді шаралар таныстырылды. Сонымен қатар, жастар арасында имандылықты, отансүйгіштік рухты, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге бағытталған арнайы жобалардың жүзеге асу барысы нақтыланды.
Жастар ісі секторының жетекшілері алдағы уақытта ұйымдастырылатын іс-шаралар мен жобалардың жүйелі әрі нәтижелі болуына басымдық беру қажеттігін атап өтті. Әсіресе, мешіт жастарының діни білімін арттыру, әлеуметтік жауапкершілікке баулу және қоғамға пайдалы азамат ретінде тәрбиелеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылатыны айтылды.
Кездесу соңында қатысушылар ортақ ұсыныстарын білдіріп, жастарға қатысты бастамаларды жетілдіру жолдарын қарастырды. Жиын нәтижесінде нақты іс-қимыл жоспары бекітіліп, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жобалар пысықталды. Бұл жұмыстар жастардың рухани әрі мәдени дамуына оң ықпал етіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жаңа серпін бермек.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі