«ӘС-СӘЛАМ» МЕШІТІНДЕ «АТАЛАР МЕКТЕБІНІҢ» ЖИЫНЫ ӨТТІ (ФОТО)

«Аталар мектебі» клубы аясында «Әс-Сәлам» мешітінде игі шара ұйымдастырылды. Мешіттің бас имамы Дастан Зияшұлының бастамасымен өткен жиынға ел ішіндегі сыйлы ақсақалдар мен жастар қатысты. Бұл отырыс рухани тәлім мен ұлттық тәрбиеге негізделген тағылымды жүздесу болды.
Жиын барысында имам Дастан Зияшұлы дін мен дәстүр сабақтастығының маңыздылығына тоқталып, ата-бабадан келе жатқан ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіру қажеттігін айтты. Атап айтқанда, жастарға мал сою, сойылған етті мүшелеп, табақ жасап тарту секілді жөн-жоралғыларды үйрету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, тері илеу, қамшы өру, ноқта мен жүген жасау сияқты көне қолөнер түрлері жайлы әңгіме қозғалып, бұл істердің де болашақ ұрпаққа берілуі қажеттігі сөз болды.
Жиынға қатысқан мешіттің алқа мүшесі, жамағаттың құрметті ақсақалы Қайырбек Шәмшіұлы жастарға ақыл-кеңес айтып, тәрбиелік мәні зор насихат айтты.
Ақсақалдардың әрбір сөзі жастар үшін өнеге, тәлім мен тәрбиеге толы екені сөзсіз. «Аталар мектебі» сынды жобалар — жастарды ұлттық болмыспен сусындатып, елдің ертеңі болар азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастамалар екені сөзсіз.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі