«Ақтөбе» медресе-колледжінің спорт кешені ашылды (ФОТО)

18 желтоқсан 2019 5519 0
Оқу режимі

Тәуелсіздік мерекесіне орай, «Ақтөбе» медресе-колледжінің спорт кешені пайдалануға берілді. Кешеннің ашылу салтанатына ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Ершат қажы Оңғаров, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы, Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов, Атырау облысының бас имамы Алтынбек қажы Ұтысхан, Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби қажы Оспан және жергілікті діни қызметкерлер мен мешіт жамағаты, шәкірттер, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларынан арнайы келген қонақтар қатысты.

Салтанатты жиында Ершат қажы Ағыбайұлы, Мамырғали Досқұлұлы және атыраулық кәсіпкер Келбатыр Қайырұлы сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жаңа спорт кешенінің жұмысына табыс тіледі.

«Ең әуелі баршаңызға Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіздер. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Бүгінгі пайдалануға берілген спорт кешені – Ақтөбе медресесінің әлеуетін тағы бір сатыға көтерді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күшті мұсылман, әлсіз мұсылманнан абзалырақ», - дегендей, бұл шәкірттердің салауатты өмір салтын қалыптастыруына жаңа мүмкіндік беретіні сөзсіз. Шәкірттердің бос уақытында спортпен шұғылданып, шынығуына жақсы жағдай жасалып отыр. Өз атымнан Ақтөбе медресе-колледжінің директоры бастаған ұжымына алғыс білдіремін. Сондай-ақ, жаңа кешеннің заманауи талаптарға сай болып бітуіне қаржылай көмек көрсеткен жомарт кәсіпкерлер мен барша қайырымды азаматтарға Алла разы болсын!» деді Ершат қажы Ағыбайұлы.

Найб мүфти спорт кешеніне қомақты қаржы бөліп, демеушілік жасаған атыраулық кәсіпкер Келбатыр Қайырұлының иығына қазақы дәстүр бойынша Бас мүфтидің атынан шапан жауып, алғыс хатпен марапаттады.

Кешен – спорттық ойындарға қажетті заттармен толықтай жабдықталған. Футбол, волейбол ойындары мен күреске арналған формалар да алынған. Су жаңа кешенде ептілер мен білектілер өзара күш сынасып, әртүрлі спорттық жарыстар өтті. Сайыста «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққан» жеңімпаздарға лайықты жүлделер табысталды.

Еске салсақ, бүгінде еліміз бойынша 9 медресе бар. Олардың 5-уі колледж статусына ие. Солардың бірі – Ақтөбе медресе-колледжі. 10 жылдан астам уақыт ішінде бұл діни оқу орны 142 түлек шығарды. Ақтөбе облысында 110 имам болса, солардың 40 пайызы – осы медресенің түлектері. Демек, облыстағы діни кадр даярлау ісіне өз үлесін қосуда деп айтуға толықтай негіз бар. Шара барысында осы еңбек ескеріліп, медресе-колледж директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков жергілікті діни кадр даярлау ісіне қосқан үлесі үшін Бас мүфти атынан алғыс хатпен марапатталды. Одан бөлек, еліміздің басқа өңірлерінің де жеткіншектері осында тегін білім алуда. Ал мереке күні ашылған спорттық кешен – алдағы уақытта медресе-колледж шәкірттерінің түрлі спорттық сайыстарға қатысуына мүмкіндік беріп, талапкерлердің осы діни оқу орнын таңдауына кеңірек жол ашары анық.

Аудан әкімі мен наиб мүфти салтанатты түрде лентасын қиған спорт кешеніне «МАКО Салават» аты берілді. Алға ауданындағы салтанатты шара спорттық ойындарға ұласып, 500 адамға ас берілді. Сондай-ақ, дастархан басында ҚМДБ бөлім меңгерушісі Сансыбай қажы Құрбанұлы, Алтынбек Ұтысхан және Төлеби Оспан, Әбдімүтәлі Дәуренбековтер Тәуелсіздігімізді бағалау, медресе қызметінің маңыздылығы, сауапты істің жанынан табылу сынды тақырыптарда үгіт-насихат айтып, шара соңында Салават Келбатырұлының рухына құран бағышталды.

 

Дереккөз: Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру