Алматыда бүгіннен бастап жамағат намаздары уақытша оқылмайды

12 наурыз 2021 3965 0
Оқу режимі

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен эпидемиологиялық жағдай бойынша «қызыл» аймаққа көшуді ескере отырып, қаладағы діни объектілердің жұмыс мәселесі жайында онлайн брифинг өтті.

Онлайн басқосуда қала тұрғындары арасында СОVID-19 коронавирустың инфекциясының (бұдан әpi – C0VID-19) таралуының алдын алу мақсатында Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшиннің 2021 жылдың 10 наурыздағы №9 қаулысында келген діни объектілердің жұмыс мәселесі талқыланды.   

Брифингке Алматы қаласы әкімдігінің қызметкерлері, Алматы қаласы дін істері басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.

Ең алдымен сөз алған Алматы қаласы дін істері бойынша Басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке қаланың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы 13 наурыздан бастап күшіне енетінін жеткізіп, қала тұрғындарын барынша сақтық шараларын сақтауға шақырды. Сондай-ақ, карантиндік талаптар бойынша қаладағы діни объектілерде ұжымдық ic-шараларды өткізуге тыйым салынатынын айтты.

Ал Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай пандемиялық жағдайға байланысты қала мешіттерінде уақытша жамағат намаздары оқылмайтынын, оның орнына карантиндік талаптарды сақтай отырып жекелеген құлшылықтарды өтеуге болатынын айтты. Мешітке келуші жамағаттың бетперде тағу, антисептик қолдану, дене қызуының 37 градустан жоғары болмауы, намаз оқудағы арақашықтықты сақтау сынды мешітке кіріп-шығу ережелеріне тоқталды. Сонымен қатар бас имам қала тұрғындарын Алланың ұлы нығметі – денсаулыққа жіті көңіл бөлуге, сындарлы сәттегі ел тағдарына алаңдаған оң шешімдерге түсіністікпен қарап, елмен бірге бар қиындықты еңсеруге, сақтық шараларын сақтауға шақырды. 

 

МЕШІТКЕ КЕЛУШІЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫ МЕН САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ

- Мешіттерде жамағатпен (бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы) намаздар оқылмайды;

- Дене қызуы 370-ден жоғары, сондай-ақ тұмау және басқа да ауру белгілері бар адамдар мешітке келмеуі керек;

- Мешітке келушілер температура өлшейтін арнайы термометр (тепловизор) арқылы тексерілуі қажет;

- Мешітке кіруден алдын антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;

- Мешіт имамдары және мешітке келушілер міндетті түрде бетпердемен жүруі керек;

- Мешіт ішінде ұзақ уақыт қалмау қажет. Мешітте болу ұзақтығы – 15 минут;

- Мешітте жамағат бір-бірімен қол алыспау қажет;

- Мешітке келушілердің арақашықтығы 2 метр болуы керек;

- Мешіт дәретханаларын қолдану барысында арақашықтықты және сантитарлық талаптарды сақтауы тиіс;

- Мешіттерде ауа алмасу жүйесі жақсы жүру үшін есіктерді ашып, желдетіп тұру қажет;

- Намаз оқитын, Құран бағыштайтын, неке қиятын залдарға күнделікті залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет.

Дереккөз: Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру