Алматыда «Абай Құнанбайұлы» мешіті ашылды (ФОТО)

07 мамыр 2021 4375 0
Оқу режимі

Бүгін Алладан сауап үміт еткен жомарт жандардың демеушілігімен Алматы қаласы Жетісу ауданында «Абай Құнанбайұлы» мешіті есігін айқара ашып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Шариғат және пәтуа бөлімінің басшысы Сансызбай Құрбанұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазин, Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағамбет, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Алматы қаласы Дін істері басқарасының басшысы Нұрлан Кикимов, мешіт салуға атсалысқан кәсіпкер азаматтар, мешіт қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.

Мешіттің ашылу рәсімі қаланың бас имамы Еркінбек Шоқайдың Құран оқуымен басталды. Құранның батасын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жасады. Мешіттің ашылу салтанатының алғашқы құттықтау сөзін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты. Бас мүфти өз сөзінде дініміздегі мешіт салудың сауабы мен қоғамның тұрақтылығына тигізер пайдасына тоқталды. Қасиетті Құранның «Расында Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, сондай-ақ намаз оқып, зекет берген және тек Алладан қорқатын (пенде) ғана тұрғызады» деген аятын тілге тиек етті. Сауабы мол Рамазан айында мешіт салған ел азаматтарына үлкен алғыс білдірді. Сөз соңында жаңа мешіт жастарға рухани тәрбие беретін және дәстүрлі дінімізді насихаттайтын имандылықтың ордасына айналсын деп тілек тіледі. Сонымен қатар «Абай Құнанбайұлы» мешітіне арналған естелік сыйлықты бас имам Ержан Төлеповке табыстады.

Алматы қаласы Дін істері басқарасының басшысы Нұрлан Кикимов, қаладағы бұрынғы «Амин» мешітінің орынына қайта салынған мешіттің ашылуымен қонақтарды құттықтады. Хәкім Абайдың атын алған мешіттің қала көркіне көрік қосатын ордалардың біріне айналғанын айтып, өз қуанышын жеткізді.

Ауданның тұрғылықты ақсақалы, мешіт жамағаты Тұрсын ақсақал құлшылық ордасын салған жомарт жандарға, жергілікті билік пен Діни басқарма өкілдеріне ел атынан алғыс білдірді. Сосын жаңа мешіттің лентасы қиылып, қонақтар құлшылық үйіне кіріп екі бас намаз оқыды.

Бас мүфти жамағатқа тәлімді уағызын айтып, ел мен жердің тыныштығы үшін қол жайып дұға жасады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру