ЖЫЛҚЫНЫҢ БАС СҮЙЕГІН ҚАБІР БАСЫНА ҚОЮҒА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕ

14 қараша 2024 330 0
Оқу режимі

Қазақ халқының малдың басына ерекше құрметпен қарап, қадірлі қонағына бас тартатын дәстүрі баршаға аян. Сондай-ақ еліміздің шығыс жерінің кейбір аудандарында мүжілген бас сүйекті де аяқ астына тастамай, үйдің төбесіне, адам аяғы баспайтын биіктеу жерге қояды.

Сонымен қатар, кісі қайтқанда жылдық асына сою мақсатымен өзінің мінген жылқысының жал-құйрығын күзеп еркін қоя беру де біздің салтымызда бар дүние. Уақыты келіп жылдық асын өткізген соң арнайы сойылған жылқының басын асы өткеніне белгі ретінде шығыс өңірінің кейбір аймақтарында қабір басына апарып қою әдеті де кездесіп жатады. Бұл әдет барлық халыққа тән емес әрі бұл соңғы уақытта ұмыт бола бастады. Әу баста бұл салттың бастауы көне наным-сенімдерге байланысты мәйітпен бірге мінген атын жерлеуден басталғандығын айтуға болады. Дегенмен, бабаларымыз саналы түрде Ислам дінін қабылдағаннан кейін марқұммен бірге тек қана сыртына ораған кебіні ғана көміліп, аталмыш салт тоқтау тапқан.

Сондай-ақ, ерге қанат болып, талай қан майданнан алып шыққан жан серігіне айналған тұлпары өлгенде батырларымыз олардың басын аяқ асты етпей биік төбелердің басына қойған оқиғаларды да кездестіруге болады. Бұған мысал ретінде Қабанбай батыр бабамыздың Қубас атты сәйгүлігінің басы биік таудың басында бертінге дейін сақталғандығын келтіруімізге болады.
Асқа сойылған малдың басын қабірге апарып қоюды шариғатымыз талап етпейді. Алайда, Ислам діні шамасы келген кісі ас беріп, дастарқан жайып, Құран оқытып, көпшіліктің дұғасын аламын десе оған тыйым салмайды. Сонымен қатар, жергілікті ұлттың шариғат қағидаларына қарсы келмейтін салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын да мансұқтамайды.

Алайда салт-дәстүрін қоғам жағдайына сай жаңғыртып отыратын дана халқымыз “Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар”деп өзектілігі азайған кейбір ырымдар мен тыйымдарды өзгертіп отырған.
Шариғат талабы бойынша зираттардың қоқыс сияқты қажетсіз заттардан таза болуы, ит-құстардың белең алмауы шарт.
Осы орайда, Абай облысы бойынша зираттарға тазалық жасап, қабірлер арасындағы тұрмыстық, құрылыс және т.б. қалдықтар мен қоқыстарды тазалау барысында Семей қаласы Төкеш Ыбырайұлы мешітінің азаншысы Желдібаев Мұрат Сайланұлы кездейсоқ бір қабір басындағы бас сүйектің шариғаттың талабы емес екендігін, қазақ халқының Исламға дейінгі көне діни нанымымен байланысты әдет екендігін жеткізген. Бірақ түсіндіру барысында көне ырымның шығу тарихын, жасалып келген себебін, өзектілігінің қазіргі кезде азайғанын толық түсіндіріп өтпеген. Бұған қатысты тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 

Асқар ӘБІТАЙҰЛЫ

Абай облысының бас имамы

Пікірлер Кіру