Жас түлекке насихат

20 маусым 2019 8340 0
Оқу режимі

Сіздер кеше ғана мектеп табалдырығын имене аттап, тарыдай болып еніп, бүгінде таудай талаппен кезекі бір кезеңге қадам басқалы отырсыздар. Ендігі таңда сіздер он бір жыл бойы алған білімге сүйене отырып, қалаған жоғары оқу орындарына түспекке талаптанып, үлкен өмір жолына аттандыңыздар. Естеріңде болсын, еліміз өскелең ұрпақтың бойынан білімділік пен отансүйгіштікті, адамгершілік пен кішіпейілдікті, әдептілік пен ізеттілікті, қайсарлық пен өткірлікті, ақыл мен көріктілікті көргісі келеді. Бұл аталған сипаттарды бойымызға сіңірмей адамдық та, азаматтық та өз кемеліне жетпейді. Сол үшін де дана халқымыз «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деп, адам бойындағы асыл-қасиеттердің барлығы бала күннен қалыптасатынын айтқан.

Қасиетті кітабымыз Құран кәрімде Алла Тағала адамзат баласына былай деп ескертеді: «Білетіндер мен білмейтіндер әсте тең бола ма?». Көрдіңіздер ме, әлемдердің Раббысы адамзат баласын екіге бөліп айтады: білетіндер мен білмейтіндер. Яғни, білімділер мен білімсіздер. Демек, адам баласын көріктендіріп, Алла Тағала алдында дәрежесін көтере түсетін нәрсе ол білім екен. Ислам тарихына көз жүгіртер болсақ, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) түскен алғашқы аяттар да «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп келген. Өйткені, білім – діндарлық, тақуалық, шүкіршілік секілді жақсылық атаулының бастауы. Сондықтан ең әуелгі иләһи пәрмен де білім туралы болды.

Алла тарапынан адамзат баласына тура жолды көрсетіп, үлгі-өнеге беруге жіберілген ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір өсиетінде былай дейді: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді! Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Шынында,  ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирһам да қалдырмаған, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді». Көрдіңіздер ме, күллі әлемдердің иесі Алла Тағаланың айрықша құлдары – Пайғамбарларымыздың бар байлығы, артқы ұрпаққа қалдырған қазынасы – ақша да, байлық та емес, білім болатын. Ал, кімде-кімде сол білімді меңгеріп, көкірегіне асыл нұрын жиятын болса, қандай дәрежеге жетеді? – пайғамбарлардың мирасқорлары дейді.

Осы айтылған асыл мағыналы сөздерден түйетін ғибратымыз қандай болмақ? Адам баласының асыл қазынасы білім болуы керек екен. дана халқымыздың  мақал-мәтелдеріне құлақ түрсек те, «білімдінің күні – жарық, білімсіздің күні – ғаріп», «білім – ырыс қазығы», «білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп жалғасып кете береді. Сондай-ақ, «оқу-білім – инемен құдық қазғандай» екенін естен шығармауымыз тиіс. Сол үшін осы бастан арман-мақсаттарыңызды айқындап, елге тигізер пайда-үлесіңізді ғылымның қай саласынан алатындарыңызды анықтап алуларыңыз тиіс. Елбасымыздың: «Елiмiздiң ертеңгi тағдыры – бiлiмдi жастардың қолында» деп сіздердей жастарымызға үлкен үміт артуы да осыдан келіп туындайды.

Мiнекей, он бір жыл оқыған білімдеріңізді, тоқыған тәрбиелеріңізді көрсетіп, таңдаған мамандық иесi болып, Отанымыздың өркендеуi мен көркеюi жолында үлес қосатын да сәт басталды. Құрметті бауыр-қарындастарым! Шама-шарқыңызша дайындалыңыз, жаттаңыз, оқыңыз! Содан соң бір Аллаға тәуекел етіңіз (ісіңізді тапсырыңыз). Өйткені әрекетіңізге қарай Алла Тағала берекет нәсіп етеді.

Құрметті жас түлек, ҰБТ деген қамшының сабындай осы бір қысқа ғұмырда өмірдің тоқтауына себеп болатындайұлы сынақ емес.  ҰБТ – жай ғана бір баспалдақ. Өтсеңіз – жақсы, өтпесеңіз де – Сіз үшін бұл істе бір жақсылық барын ұмытпаңыз!

Абай атамыз «шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де  бір  антұрғандық» деп,  қайғы-мұңға  түсіп,  шарасыз, әрекетсіз жырақта қалуды, антұрғандық, ақымақтық деп сипаттаған.

Құрметті жас түлек! Әр бір күніміздің әр минуты мен секундтарын қалт жібермей, неғұрлым мәуелі ағашты көбірек  ексек,  соншалықты  жақсылыққа  кенелеміз.

Құранда «Ағраф» сүресінің 144-аятында Алла  Тағала: «...Саған бергендерімді ал да, шүкірлік етушілерден бол...», – деп, күніңді сары уайымға салынбай, ешкімге ешқандай ыза-кек сақтамай, құрдымға сүйреп, жарға жығар көреалмаушылық пен іштарлыққа бой алдырмай көңіл тоқтығымен өткізу туралы бұйырған.

Құрметті бауыр-қарындастар, тәуелсіз елдің ерке ұландары! Үмітсіздік, мақсатсыздық, келешекке сенімсіздік пиғылдан аулақ болайық! Қараңғы түннен кейін жарық күннің, әр қиыншылықтан кейін жеңілдік барына сенейік! Әркімнің өз тағдыры – өз қолында. Алла Тағала алдағы науқан – ҰБТ-ға жеңілдік беріп, алға қойған мақсат-мұраттарыңызға жетулеріңізді нәсіп етсін! Жолың болсын, жас түлек!

Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти,
республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру