ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ

26 сәуір 2024 1950 0
Оқу режимі

Сіз бен біз қазақпыз. Неге қазақпыз? Дұрыс. Жаратылысымыз солай. Демек… Иә. Қазақ мұсылман. Жаратылысында мұсылман. Қазақ мұсылман дінін қабылдаған соң мұсылман емес, ол әу бастан мұсылман. Сондықтан қазақтықтан айнысаң… Иә. Діннен шығасың.

Сонда біз қазақ деп кімді айтамыз? Рас, ол үшін тілі, ділі, болмысы, дәстүрі, тегі қазақ болу керек. Біз солай ойлаймыз. Бірақ қазақ болу үшін бұл аз. Ең бастысы, ол адам — қазақ болу керек. Иә, қазақ болу үшін қазақ болу керек. Енді осы ойды тарқатайық.

Қазақ — ұлттың аты. Жаратушы — Алла. Біз қазақ болғанда сол әуелгі жаратылыстық болмысқа енеміз. Ал ол болмысқа біз қалай енеміз? Ол үшін біздегі өзімізге тән адами құндылықтардан қазақ болуға деген құлшыныс басым тұру керек. Дұрысы — қазақ боламын деген әр адам өзіндік іштегі «Менін» жоқ ете алуы тиіс. Ал ол тек біздің дәстүрлі дініміз арқылы жүзеге асады. Бұны — діндар болу емес, қазақ болу деп түсінген жөн. Себебі, қазақ болу — сол дінді ұстану деген сөз. Енді осы ойды тағы да тарқатайық.

Сонымен біз 1456-шы жылы қазақ боламыз деп ұйғарып, өз алдымызға дербес шаңырақ көтердік. Сонда біз оған дейін кім едік? Ол үшін бүгінгі қазақ құрамындағы руларды санамалап шықсақ та жеткілікті. Және де олар қандай рулар десеңші… Әрқайсысы кезінде әлемді тітіркенткен бір-бір ұлыстың бұтақтары. Қай-қайсысы да өз алдына қайтадан ту тігемін десе де қауқарлы. Алайда олар қазақ боламыз деген ұйғарымға келді. Себебі, қазақ — Алла қайта жаратқан ұлттың аты. Демек Алламен байланыс тек сол атты иемденген ұлт арқылы жүзеге асады. Сондықтан қазақ болу керек.

Қазақ болу үшін… Иә. Өткенді жоқ етуге тиіссің. Әлгі «Мен пәленмін», «Мен түгенмін» деген рулық асқақтықты әлі ондай даңқтан ада қазаққа мойынсұндыруың керек. Міне, біз соны 1456-шы жылы жасай алдық. Біз ол ұғымды тіпті Алтын Орданың өзінен асқақ қойдық. Сондықтан да бізді ыдыратудың бір-ақ жолы бар. Ол — қазақтықтан ажырату.

Иә, біздің қазақтықтан бас тартқан кезіміз болған. Ол — СССР дәуірі еді. Сол кезде қазақ болудан «совет xалқы» атануға деген құлшыныс басым тұрды. Бір кереметі, сол басымдық біздің ішімізде бұғып жатқан рулық бөлшектенуді тұншықтырып тастады. Бірақ ол қуат қанша күшті болғанымен қазақ атауын, оған деген сенімді өшіре алған жоқ. Ал ру… Иә. Мүлде ұмытылды. Басқаны айтпағанда, біздің өзіміз қасымызда бірге жүрген достарымыздың қай рудан екенін білмей өскен ұрпақтың өкіліміз.

Қош, сонымен тәуелсіздік алдық. Қазақ болуға деген құлшыныс қайта оянды. Бірақ кейбір күштер бізді қайта қазақ етпеуге жанталаса бастады. Олар бізді жекелеген рулардың мәртебесін асқақтату арқылы, табиғатымызға жат бөгде діндерді қаптатып жіберу арқылы бөлшектеуге кірісіп кетті. Иә, біз біраз уақыт солар ыңғайымен қазақ емес, тайпалар батыры атын дәріптедік. Тіпті, билердің өзін қазақтан бөліп алып, рулық деңгейге түсірдІк. Мән берсек, ағайын жақсылықта және басына ауыртпалық түскенде бас қосады. Оны олимпиада, өзге де әлемдік деңгейде өтетін спорттық жарыстардан аңғаруға болды. Біз сол кезде қазақ боламыз. Қазақ болатынымыз сонша, ру түгілі басқа ұлт өкілі болғанына да пысқырып қарамаймыз.

Қазір қиындық. Мән берсек, оның да қайыры бар. Біз қайта тұтаса бастадық. Біз қайта қазақ бола бастадық. Ал оны қаламайтындар көп. Өте көп. Сондықтан біздің ұлттық тәрбие тек осы бағытта болуы тиіс.

Құдияр БІЛӘЛ       

 

Пікірлер Кіру