ҰЛТ ПЕН ДӘСТҮРЛІ СЕНІМ – БІРТҰТАС ҰҒЫМ

12 қаңтар 2024 2595 0
Оқу режимі

Бірінші дін бе, әлде ұлт па? Қазақ «шеше» деген сөзді жаман мағынада қолданғаны рас па? Қазіргі күні қазнетті шулатып тұрған «хит» тақырыптардың бірсыпырасы осындай. Желідегі жөн-жосықсыз дау-дамай мен дүрбелеңнің туындауына арандату мақсатында арнайы жария­ланатын жазбаларды былай қойғанда, кейбір уағызшы имамдардың ұшқары пікірлері де себеп болып жатқаны белгілі. Біз дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Кеңшілік Тиышханды әңгімеге тартып, діни саладағы талас-тартыстың ақ-қарасын ажыратып, анық-қанығына жетуге тырыстық.

– Дін саласындағы бір аза­мат­тың: «Алла сенің ұлтыңды сұра­майды, дініңді сұрайды» деп, дінді ұлт­тан жоғары қойған пікірі – қа­зіргі күні көп талқыланып жат­қан тақырыптардың бірі. Сіздің ойы­ңызша, бірінші дін бе, әлде ұлт па?

– Кез келген салада талқылауға бо­латын және талқылауға болмайтын тақырыптар бар. Соның бірі – адамның діні мен ұлтына қатысты әңгіме. Адам баласы үшін бұл екеуінің де маңызы айрықша. Ислам дінінде адамның ұлтына қатысты айтқан өсиеттер көп. Мысалы, бауырластық туралы. Бауыр болу, туыстық қатынас дегеннің өзі айналып келгенде ұлтқа қатысты ұғымдар. «Бір мұсылман екін­ші мұсылманға өзіне қалағанын қаламайынша шынайы иман еткендей болмайды» деген хадис бар. Біз мұсылманның бәрін бір туыс-бауыр деп қабылдаймыз. Бірақ бұл жерде мұсылманшылық менің ұлтымнан жоғары деген ұғым болмауға тиіс.

Құранда: «Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Бір-бірлеріңді тануларың үшін, бір-бірлеріңмен араласуларың үшін ұлттарға бөлдік», дей­ді. Мұсыл­ман­шылық та, ұлт та – Құ­дай­дың берген дүниесі. Оның бірін екіншісінен артық қою дұрыс емес. Ол «Анаңды жақсы көресің бе, әкеңді ме?» деген сұрақпен бірдей. Осы секілді кейбір киелі ұғымдар өзара салыстыруға жатпайды. Ал егер салыстырып, бірін екіншісінен жоғары қоятын болсақ, қазіргідей дау-дамай туындап кетуі мүмкін. Өйткені егер мен «Бірінші қазақпын, содан кейін мұсылманмын» десем, онда менің иманым екінші орынға түсіп қалады. Ал керісінше айтсам, онда ұлтымды төмендетіп жіберемін.

Имамдарымыз алдағы уақытта мұн­дай талас тудыратын пікірлерді ай­ту­дан аулақ болғаны жөн. Өйткені кешегі «бірінші дін, одан кейін ұлт» деген сөзден кейін «Бұл имамдар қазақтан гөрі арабты немесе пәкістандықты артық көреді екен» деп түсініп қалып жатқаны белгілі. Жалпы, біздің халықта «қазақ» пен «мұсылман» сөздері бір-бірінен айырғысыз ұғымдар. Түріктердің мынадай сөзі бар: «Түрік десе мұсылман еске түседі, егер мұсылман емес болса, ол түркілігін де жоғалтқаны», дей­ді. Сол сияқты біздің де ұлт пен има­ни сенім – біртұтас дүние. Тари­хи тұрғыдан келсек, дәстүрімізге сіңіс­­ті болған құндылық. Біз дін мен ұлт ұғымдарын бір-бірінен ажыратып, бірін екіншісінен жоғары қоймай, керісінше екеуінің арасын жақындататын тақырыптарда сөз сөйлеп, насихаттауымыз керек.

– Қоғамды дүрліктірген тағы бір дау – «шешеге» қатысты сөз. Өзіңіз білесіз, бір имамның оғаш пікірі сынға ұшы­ра­ды.

– Бір жағынан, жас әрі білімді имам жігіттердің елді имандылық пен қа­йы­рымдылыққа шақырып, адал мен арамның аражігін түсіндіріп жүргеніне қуанасың. Өйткені дәс­түр­лі дінді насихаттайтын маман­дар­дың көбеюі дәстүрлі емес діни ағымдарға еретін адамдардың санын азайтады. Яғни Қазақстан мұсыл­ман­дары діни басқармасына қа­расты мешіттерде жұмыс істейтін имам­дарымыз сырттан теріс насихат жасайтын пиғылы теріс «шейх­сы­мақ­тар­дың» арбауына тосқауыл болып, оларға ілескен адамдардың бетін бері бұрып жатыр.

Бірақ уағыз айтқанда да бір адам­ның барлық саладан хабардар болуы мүмкін емес екенін еске тұту керек. Қанша жерден жан-жақты білімді болсаң да, барлық ғылымды терең білу мүмкін емес. Басқа мамандықтарды былай қойғанда, дін ғылымының өзі түрлі салаға тармақталып жатыр. Бір адам оның бәрін жетік меңгере алмайтыны ақиқат. Сондықтан сауатты да сауапты насихатымен елге та­нылған имам бауырларымыз өздері терең­нен біле бермейтін тақырып­тар­ға жоламаса деген тілегіміз бар. Үл­кен аудиторияның алдында сөз сөй­легеннен кейін оған қойылатын сұрақтар да әртүрлі бағытта болуы мүмкін. Жоғарыда айтқандай, абсо­лют­ті білімді адам жоқ. Сол үшін біле­тін тақырыбыңды ғана қаузап, білмейтініңді жылы жауып қойған дұрыс. «Ана» мен «шешеге» қатысты әңгіме осындай қателіктен туындап отыр.

– Сонда «шеше» деген жаман сөз емес қой?

– Қазақтың дүниетанымыда «шеше» сөзі де – «ана» секілді сакраль­ді ұғым. Имам: «Ана деген жақсы сөз, ал шеше деп бала­сын тастап кететін әйелдерді айтқан», дейді. Бірақ кейінгі қазақта (бұрын болмаған) баласын тастап кететіндерді «көкек ана» деген. Сол сияқты «шеше» деген сөзді тек жаман мағынада қолданбайды. «Қайран шешем», «әке-шеше», т.б. сөздер – бұған дәлел. Сондықтан бұл дау-дамай мә­се­ленің байыбына бармай, эмо­ция­­мен айтылып қалған қателік деп есептеймін.

Осы жерде еске сала кетер маңыз­ды нәрсе, қатені де түзететін – қоғам. Соның ішінде зиялылар қателігін түсі­ніп жатса, жерден алып, жерге са­­луға тағы болмайды. Негізі имам­дар­­дың халықты жақсылыққа шақы­рып, жамандықтан қайтару жолында атқарып жатқан еңбегі мол. Сондай-ақ имамдардың өздері де осындай сәт­тер­ден сабақ алып, келесіде хабары жоқ тақырыптарға сергек қарайды деп үміт­те­неміз.

– Осындай келеңсіздіктерден кейін діни құндылықтарды жаппай терістеуге ұмтылушылар тіпті көбейіп кеткендей. Бұған не дейсіз?

– «Жаптым жала, жақтым күйе» деген сыңайда таңылатын мұндай негізсіз әрі ұшқары пікірлерге көңіл аудармай-ақ қоюға болушы еді. Алайда қоғамда көп талқыланып, кеңінен таралып жатқаннан кейін біз бұған түсініктеме беруіміз керек. Мұсылмандық – қазақтың санасына сіңісті болып кеткен ұғым. Дінге қырын қарайтын адамдар «Сен мұсылмансың» десе, ол ешкімнің көңіліне тимейді. Сондықтан олар дін жолындағы азаматтарға, соның ішінде имам-молдаларға күйе жағу мақсатында теріс пікір, бейпіл сөз айтса, үлкен қателік. Ғасырлар бойы мұсылман болған ата-бабасын сенімі үшін кінәлай алмас, бұл жерде мәселе – қоғамға жік салған бүгінгі танымда. Негізі, жалған сөз имандылық жолындағы азаматтарымызды діннен қайтарып жібермейді. Бірақ ішкі тұрақтылыққа белгілі бір деңгейде іріткі салуға жеткілікті.

Ислам және христиан діндері әлемдік, ал иудаизм, синтоизм, индуизм секілді діндер ұлттық діндер деп сана­лады. Исламды тек араб халқы ұс­танбайды. Ол ең алғаш рет араб же­рінде, ұлты араб пайғамбарға түс­ке­німен, қазір оны көптеген халық ұстанып отыр. Олардың бәріне «араб­құл» деп айдар тағу қателік. «Араб­тың араб еместен, араб еместің арабтан артықшылығы жоқ» деп пайғам­ба­ры­мыз­дың өзі де айтып кеткен.

– Осындай оқиғалардың көбейіп кетуіне не себеп деп ойлайсыз?

– Әлеуметтік желі шыққанда ол жерде негізінен танымдық дүниелер жарияланатын. Қазір жұрттың эмоциясын оятуға бағытталған негативті жазбалар көбейіп кетті. Оның ішін­де тапсырыспен жарияланатындар немесе табыс табу мақсатында шығарылатын посттар да бар. Әрбір адам іштегі ренішін, эмоциясын, жан сырын желіге ақтаратын болды. Адамның бәрі виртуалды әлемге байланғандықтан ха­лық­қа сол арқылы әсер етуге бола­ты­нын сезген түрлі арандатушы топтар да әлеуметтік желі арқылы өз жоба­ларын іске асырып жатуы әбден мүм­кін. Соның ішінде исламға қарсы бағыт­тал­ған зымиян әрекеттер де жоқ емес.

Тарихта талай қиыншы­лықты көрген халқымыз әлгіндей әсі­ре­­дін­шілдікке, арандату­шы­лық­тар­ға, ішкі тұрақтылығымызды бұзуды көздеген теріс әрекеттерге байсал­ды­лықпен қарап, соңынан ермейді деп үміттенемін. Қоғамда жұрттың алдында жүрген аузы дуалы, зиялы тұлғаларымыз елдің шырқы бұзылмай, бірлігі сақталуы үшін жұмыс істеуі керек. «Ит үреді, керуен көшеді» деп бейқам жүрмей, қоғамды қырықпышақ етуге бағытталған теріс пікірлер мен қауе­сеттердің алдын алып, халық­ты дұрыс жолға жетелеп отыру – бәрі­міз­дің мойнымыздағы міндет.

– Дінаралық араздықтың, бір ұлт­тың өзін бірнеше діни ағымға бө­лу­­дің салдары қандай болуы мүм­­­кін?

– Қазақ өз тарихында барлық қиын­­дықты ұлттық және діни бір­тұтас­ты­ғы арқасында жеңіп шық­қан. Ал қазір әлеуметтік желіде, басқа да орын­дарда айтылып жүрген діни дүрдараздық тудыратын жазбалар мен видеолар біздің осы бірлігімізді бұзғысы келеді. Егер оған жол берсек, Таяу Шығыс жеріндегі кикілжіңдер бізді де айналып өтпейді. Сирия секіл­ді мемлекеттерде дәл осылай діни алауыздықты қоздырып, дін­ара­лық қақтығыстарды тудырып, ақыр соңы елдің тұтастығын бұзған. Соған бағыт­тал­ған идеологиялық жұмыс­тар­ды жүргізу арқылы мемлекеттің шаңы­ра­ғын ортасына түсірді. Бұл – көп шығынды қажет етпейтін, бірақ салдары өте ауыр болатын қитұрқы әре­кет­тер. Бізде бұрын бай мен ке­дейді, ру мен руды бір-біріне айдап салса, енді қазір дін арқылы жік туды­ру ке­зе­ңінде өмір сүріп жатырмыз. Мұның соңы үлкен трагедияға айналып кетуі мүмкін. Сондықтан бұған мемлекет те, діни қайраткерлер де сергек қарап, дер кезінде алдын алып отыруы қажет.

– Қоғамда ішнара «имамдар неге тек арабтың тарихын айтады, араб­тың тұлғаларын насихаттайды. Өз тарихымызды неге айтпайды?» деген әңгіме айтылып қалады. Бәл­кім мешіттерімізде қазақтың тарихы, мемлекеттік тіл туралы уағыз-насихатты көбірек айту керек шығар?

– «Жақтырмаған бақсының демі сасық» демекші, дінге ықыласты қауымды сынаушылар қазақтың тарихын, ана тіліміз жайында уағыз айтып жатсаң да, бәрібір дінді, имамдарды қаралайтын ілік табады.

Ал мемлекеттік тіл мәселесіне кел­сек, мешіттеріміз ана тілімізді же­тіл­­ді­ру жолында тек сөзбен айту ғана емес, іс жүзінде үлгі көрсетіп жатқан бірден-бір орын десек қателеспейміз. Елі­міздегі 2700-ден астам мешітте діни уағыз-насихаттар толықтай ана тілінде жүреді. Соңғы жылдары жұма намазы алдындағы құтпада, уағыздардың ішінде қазақ дін ғұламаларының ең­бек­терінен мысалдар, даналық сөздер, мақал-мәтелдер пайдалану қалып­та­сып келеді. Өкінішке қарай, кеңестік заманда қазақтың діни тарихы түгіл, жалпы тарихы жадымыздан өшірілді. Соның салдарынан тарихта болған дін ғұламаларының аты-жөндерін, жазған еңбектерін ұмыттық. Қазір енді ғана зерттеліп, кейбірінің аты-жөн­дерімен танысып жатырмыз. Сон­дықтан діни тарихымызды ауыз толтырып айтарлықтай деңгейге жетуіміз үшін әлі біраз зерттеулер керек, бірталай уақыт қажет. Қазақ ешқашан дінсіз болмаған, әлемді мо­йындатқан ғұламаларымыз көп. Оның бәрін ұрпаққа таныту – уақыт еншісіндегі мәселе.

Жалпы, ұлттық құндылықтарды ұлық­тауда имамдарымыз құралақан емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басымдық берілген жұмыс бағыттарының бірі – дін мен дәстүрді үйлесімділікте дамыту. Осы мақ­сатта мешіттер тарапынан ұлт­тық ойындар, оның ішінде асық ату, көкпар, садақ атудан жарыстар ұйым­дас­тырылып келеді. Айтыстар мен мүшәйралар өтіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, имамдар өз деңгейінде ана тіліміз бен дәстүріміздің насихатталуына өз үлестерін қосып жатыр. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan» 

 

Дереккөз: Егемен Қазақстан газеті

Пікірлер Кіру