Уәдеде тұру қаншалықты маңызды?

25 қаңтар 2021 10788 0
Оқу режимі

Уәде – шыншылдық пен әділдіктің бауыры. Ал, опасыздық – өтірік пен әділетсіздіктің жақыны. Уәдеде тұру – тілмен шындықты айтып, іспен соны жүзеге асыру. Уәде екі түрлі болады:

БІРІНШІСІ – АЛЛАҒА ҚАТЫСТЫ УӘДЕ.

Алла Тағала мен адамдардың арасындағы уәделесу. Мұны «Әл-мисақ» дейді, мағынасы «сөз, уәде беру», «келісім-шарт жасасу» дегенді білдіреді. Әл-мисақ – адам мен Алла арасындағы алғашқы серттесу. Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 172-аятында «Әл-мисақ» уәдесі туралы айтылған. Жаратушы Иеміз адам ұрпақтарының арқаларынан нәсілдерін алып: أَلَسْتُ بِرَبِّكُمْ  «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» – деп сұрағанда, олар: بَلَى شَهِدْنَا «Әрине, куәміз», – деп жауап қатты. Қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ демеңдер», – деп ескертті.

Қазақ  қоғамындағы «Қашаннан бері мұсылмансың?» деген сұраққа «Әлімсақтан бері мұсылманмын» деп жауап беру салты осыған негізделген. Яғни, Алла Тағала әл-мисақта күллі адам баласынан жалғыз Өзіне ғана құлшылық етуге, Оған еш нәрсені ортақ қоспауға уәде алды. Ендеше, әрбір пенде Аллаға берген осы уәдеге берік болуы тиіс.

Муаз ибн Жәбәл (р.а.) бірде Алла елшісімен (с.ғ.с.) бірге есекке мінгесіп келе жатып, пайғамбардың (с.ғ.с.): «Әй, Муаз! Алла Тағаланың құлдарындағы хақысы және құлдардың Алладағы хақысы туралы білесің бе?» – деп сұрағанын әңгімелейді. Сонда Муаз (р.а.): «Алла мен Оның елшісі оны артық біледі», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

فَإِنَّ حَقَّ اللّه ِ عَلَى الْعِبَادِ أَنْ يَعْبُدُوا اللّهِ وَلاَ يُشْرِكُوا بِهِ شَيْئاً. وَحَقُّ الْعِبَادِ عَلَى اللّهِ عَزَّ وَجَلَّ أَنْ لاَ يُعَذِّبَ مَنْ لاَ يُشْرِكُ بِهِ شَيْئاً

«Алла Тағаланың құлдарындағы хақысы – құлдардың тек Аллаға құлшылық қылып, оған серік қоспауы. Ал құлдардың Алладағы хақысы – кімде-кім Аллаға серік қоспаса, сол адамды азаптамауы»[1], – деп айтқан екен.

Ал, енді қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала құлдарымен былай деп серттеседі:

وَأَوْفُواْ بِعَهْدِي أُوفِ بِعَهْدِكُمْ وَإِيَّايَ فَارْهَبُونِ

«Менің сертіме берік болыңдар. Мен де сендерге берген сертті сақтаймын. Әрі Менен ғана қорқыңдар»[2].

Ибн Кәсир (р.а.) бұл аяттың тәпсірінде: «Аса Ұлы Аллаға берген серттеріңде берік болыңдар. Күнәлары себепті ата-бабаларың жазаланғандай, жазаға тартылудан қорқып, сақтаныңдар», – деп түсінік береді.

ЕКІНШІСІ – АДАМ МЕН АДАМНЫҢ АРАСЫНДАҒЫ УӘДЕ.

Яғни, өзара бір-бірлерімен уәделесулері. Бұл жөнінде Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَوْفُواْ بِالْعُقُودِ

«Ей, иман келтіргендер! Берген уәделеріңнің шарттарын толық орындаңдар»[3], – деп бұйырады. Ал, осы бұйрығына бойұсынып, уәдесін тұтқан жандарды төмендегідей ең әдемі сипаттармен баяндайды:

 

وَالْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَاهَدُواْ وَالصَّابِرِينَ فِي الْبَأْسَاء والضَّرَّاء وَحِينَ الْبَأْسِ أُولَـئِكَ الَّذِينَ صَدَقُوا وَأُولَـئِكَ هُمُ الْمُتَّقُونَ

«Уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар»[4];

بَلَى مَنْ أَوْفَى بِعَهْدِهِ وَاتَّقَى فَإِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُتَّقِينَ

«Олай емес! Кім өз уәдесін орындаса, Алладан қорықса, расында Алла тақуаларды жақсы көреді»[5];

وَالَّذِينَ هُمْ لأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ

«Олар аманаттарын, уәделерін қорғаушы»[6];

اَلَّذِينَ يُوفُونَ بِعَهْدِ اللَّهِ وَلاَ يَنقُضُونَ الْمِيثَاقَ

«Олар, Аллаға берген уәдесін орындағандар және берген сөздерінен айнымағандар»[7].

Ибн Кәсир осы аяттың тәпсірінде:

وَلَيْسُوا كَالْمُنَافِقِينَ الَّذِينَ إِذَا عَاهَدَ أَحَدُهُمْ غَدَرَ، وَ إِذَا خَاصَمَ فَجَرَ، وَإِذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَ إِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ

«Олар – уәдесінде тұрмай, опасыздық қылатын, ренжісіп қалса, кек сақтайтын, сөйлеген кезде өтірік айтатын, аманатқа қиянат жасайтын мұнафықтар (екіжүзділер) секілді емес!» – деп айтады.

Байқағанымыздай, уәдеге беріктік шынайы мұсылман жанның бойынан табылуға тиісті асыл қасиеттердің бірі болып табылады. Көркем мінездің кемеңгері атанған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәл осы уәдеге берік болудың адам мінезін көріктендіре түсумен қатар, жәннатқа жетелейтінін жеткізеді:

 اِضْمَنُوا لِي سِتًّا مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَضْمَنْ لَكُمْ الْجَنَّةَ

«Маған өздеріңнен мына алты нарсенi уәде етсеңдер, Мен де сендерге жәннатқа кiруге кепiлдiк беремiн!»

1. اُصْدُقُوا إِذَا حَدَّثْتُمْ Сөйлеген кездерiңде турашыл болыңдар;

2. وَأَوْفُوا إِذَا وَعَدْتُمْ  Уәде берген кезде сөзде тұрыңдар;

3. وَأَدُّوا إِذَا اؤْتُمِنْتُمْ  Аманатқа сенімді болыңдар;

4. وَاحْفَظُوا فُرُوجَكُمْ Ұятты жерлеріңді сақтаңдар;

5. وَغُضُّوا أَبْصَارَكُمْ  Көздерiңдi харамнан сақтаңдар;

6. وَكُفُّوا أَيْدِيَكُمْ  Қолдарыңды харамнан аулақ ұстаңдар[8].

ОПАСЫЗ АДАМНЫҢ ҚИЯМЕТТЕГІ ЖӘНЕ БҰЛ ДҮНИЕДЕГІ ЖАЗАСЫ:

Әрине, айтқан сөзінен айнымай, уәдесіне беріктік танытқан жанның адамдар арасында абыройлы, Алла алдында жүзі жарық болатыны сөзсіз. Ал, сөзінен тайқып, уәдесіне келгенде солқылдақтық көрсететін жандардың жағдайы қандай болмақ?! Асқан әділетті Алла Тағала уәдеде тұрмайтын опасыз адамдарды қиямет күні барлық жаратылыстың алдында масқара ететінін ескертеді. Ибн Омардан (р.а.) жеткен бір хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) былай дейді:

إِذَا جَمَعَ اللَّهُ الأَوَّلِينَ وَالآخِرِينَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ يُرْفَعُ لِكُلِّ غَادِرٍ لِوَاءٌ فَقِيلَ هَذِهِ غَدْرَةُ فُلاَنِ بْنِ فُلاَنٍ

«Қиямет күні Алла алдыңғылар мен соңғыларды жинаған сәтте, әрбір опасыздың туы көтеріледі. Содан соң: «Бұл  пәленше ұлы пәленшенің опасыздығы», – деп айтылады».

Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.) берілген уәденің бағасы төмендеп, бұзылған жағдайда сол қауымның қиындықтарға душар болатынын айтады:

مَا نَقَضَ قَوْمٌ الْعَهْدَ إِلا كَانَ الْقَتْلُ بَيْنَهُمْ ، وَلا ظَهَرَتْ فَاحِشَةٌ قَطُّ إِلا سَلَّطَ اللَّهُ عَلَيْهِمُ الْمَوْتَ ، وَلا مَنَعَ قَوْمٌ الزَّكَاةَ إِلا حُبِسَ عَنْهُمُ الْقَطْرُ

«Қайсы бір қауым уәдені бұзатын болса, олардың ортасында өлтіру (соғыс) орын алады. Қайсы бір қауымның арасынан арсыздық белең алса, Алла сол жерде өлім-жітімді үстем етеді. Қайсы бір қауым зекет беруден бас тартса,  сол жерге жауын-шашын доғарылады»[9].

УӘДЕДЕ ТҰРМАЙТЫН АДАМДЫ МҰНАФЫҚ ДЕЙ АЛАМЫЗ БА?

Пайғамбар хадистерінде уәдеде тұрмаудың екіжүзділіктің белгісі екендігі айтылады:

 آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلَاثٌ: إِذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ، وَإِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ

«Мұнафықтың үш белгісі бар: сөйлеген кезде өтірік айтады, уәдесінде тұрмайды, аманатқа қиянат етеді»[10].

Абдулла ибн Омар (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  мына хадисін жеткізеді:

أَرْبَعٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ كَانَ مُنَافِقًا خَالِصًا، وَمَنْ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنْهُنَّ كَانَتْ فِيهِ خَصْلَةٌ مِنَ النِّفَاقِ حَتَّى يَدَعَهَا: إِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ، وَإِذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَإِذَا عَاهَدَ غَدَرَ، وَإِذَا خَاصَمَ فَجَرَ.

«Төрт белгі кімде болса, ол нағыз мұнафық болады, ал кімде бұның біреуі болса, оларды тастағанша о да  екіжүзділіктің бір белгісі болады: аманат тапсырылса қиянат етеді, сөйлесе жалған сөйлейді, уәде берсе, уәдесін бұзады, ренжісіп қалса кек алады»[11].

Мысыр еліндегі әл-Әзһар университетінің ғалымы Муса Шаһин осы хадистің түсіндірмесінде былай деді: «Дін үш нәрседен құрылады. Олар: сөз, амал, ниет. Жоғарыдағы хадисте өтірік айтумен сөздің бұзылатындығын, аманатқа қиянат жасау және уәдеге опасыздық қылу себепті істің бұзылатындығын ескертті. Осы орайда уәдеде тұрмау ниеттің бұзақылығына байланысты. (Яғни, уәдесін орындамауға ниеттеніп тұрып, жалған уәде беру).  Алайда, уәдеде тұруға бел байлап, бірақта кенеттен кедергілер туындауына орай уәдесін орындай алмаған жағдай екіжүзділіктің белгісі болып есептелмейді. Сонымен қатар, орындалуы тиіс болған уәде хайырлы, игі істе болуы қажет. Жаман  іс істеуге берілген уәдеден бас тарту – міндет».

Мінекей, мұсылман баласына уәдеде тұрудың қаншалықты маңызды екендігіне айтылған аят-хадистер айқын дәлел болады. Жаратушы разылығын іздеген жанның айтқан сөзіне асқан жауапкершілікпен қарап, уәдесін бұзбауы тиіс! Халқымыздың «Ердің екі сөйлегені – өлгені» деп, өтірік айтып, жалған сөйлеуден тыйғаны да мұсылманшылық міндетін терең ұғынып, тура жолдан таймағанының белгісі емес пе?! Ендеше, екі дүниеде бақытқа жеткізер осы бір қасиетті Алла Тағала  бойымызға сіңіріп, уәдемізге берік болуды нәсіп еткей!

 


[1] Хадисті имам Бұхари, Муслим риуаят етті.
[2] «Бақара» сүресі, 40-аят
[3] «Мәйда» сүресі, 1-аят.
[4] «Бақара» сүресі, 177-аят.
[5] «Әли Имран» сүресі, 76-аят.
[6] «Муминун» сүресі, 8-аят.
[7] «Рағыд» сүресі, 20-аят.
[8] Имам Ахмад риуаят етті.
[9] Имам ат-Табарани риуаят етті.
[10] Хадисті имам Бұхари, Мүслим риуаят етті.
[11] Хадисті Бұхари, Мүслим риуаят етті.

Нұрлан Рамазанұлы

Пікірлер Кіру