«Уа, Алла! Иттеріңнен бір итіңді жібер!»

19 тамыз 2019 7803 0
Оқу режимі

Пайғамбарымызға (с.ғ.с) деген дұшпандығымен атақты болған Әбу Ләһәб өзінің ұлы Ғутәйбаны да өзінің қөзқарасы бойынша тәрбиелеген-ді. Оның Алла елшісіне (с.ғ.с.) деген өшпенділігі орасан  болғаны соншалықты, Әбу Ләһәб әйелі мен баласын да зұлымдыққа жәрдемші етіп, қаскөй әрекеттеріне жұмсап отырған.

Қасиетті Құран Кәрімнің «Мәсәд» сүресі дәл осы Әбу Ләһәб пен әйелі Үммү Жәмил жайында түскен болатын. Ғутәйба Пайғамбарымыздың қызы Үммү Күлсүммен үйленіп, шаңырақ көтерген болатын. Кейіннен пайғамбарлық келген уақытта Алла елшісіне деген қысастықпен әйелін үйден қуып жіберген пасық адам еді.

Ал, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) Нәжім[1] сүресі түскен уақытта, Кағбаға барып намазға тұрады да, Нәжім сүресін оқи бастайды. Мұны естіген Ғутәйба бірден «Нәжімге де, оның Раббысына да қарсымын» деп айқайлай бастайды. Алла елшісі (с.ғ.с.) намазын жалғастыра алмай, тоқтап қалады. Құтырынған Ғутәйба одан бетер ауыр сөздер айтып, кедергі келтіріп бағады. Пайғамбар (с.ғ.с) оған тіл қатпайды. Кейін қайтадан намазға тұрып Нәжім сүресін оқи бастағанда қайтадан айқайлап, «Нәжімге де, оның Раббысына да қарсымын» деп жанынан кетпей қояды. Тіпті, Алла елшісінің (с.ғ.с.) киімін жыртып, оған қарай түкіріп жібереді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с) қолын жайып: «Уа, Алла! Мынаған иттеріңнен бір итті жібер», – деп дұға жасайды.

Мұны естіген әкесі баласына: «Сен байқап жүрші, Мұхаммед бір нәрсені айтса тура келеді», – деп сақтандырады. Бірнеше күннен кейін Ғутәйба сауда керуенімен Шам қаласына жолға шығуға дайындалады. Сонда әкесі баласын құшақтап: «Мұхаммедтің айтқаны басыңа келер ме екен деп қорқамын. Сен осы сапарға шықпай-ақ қойшы», – деп жылайды. Алайда, Ғутәйба үнемі шығып жүрген сапарымыз, ештеңе бола қоймас деп жолға шығады. Жолда серіктес жеті-сегіз кісімен шөл далада, Шам қаласына жақын Зарқа деген жерде түнейді. Біраз уақыттан кейін байқаса, ол жерде арыстандар көп екен. Сонда қорыққан Ғутәйба «Мұхаммед Меккеде отырып-ақ мені өлтіреді-ау» деп қайғыра бастайды. Жанындағыларға: «Егер мен аман-есен таңды атырсам, сендерге мың динар беремін, мені қорғаңдар», – дейді. Серіктестері бірден келіседі де айналдыра от жағады. Жау келсе, бірінші бізге келеді деп өздері шет жағына жатып, Ғутәйбаны ортаға жатқызады. Түннің бір уақыты болған кезде, бір арыстан келіп шетте жатқандарды емес, тура ортада жатқан Ғутәйбаға секірген бойда басынан тістеп, суырып алады да паршалап тастайды[2]. Алла елшісінің қарғыс дұғасы осылайша орындалған болатын.

Ғазиз Ахмет

 


[1] Жұлдыз мағынасында, Құранның 53-ші сүресі.
[2] әл-Мубаракфури, әр-Рахиқул-Махтум, 86 бет.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру