Тазалық – баршаға міндет

07 маусым 2021 8312 0
Оқу режимі

Ислам дінінде тазалыққа жете мән берген. Себебі, ислам – тазалықты, әділдікті, бейбітшілікті негізге алатын дін. Біз тазалық деп тек бет-қолды жуып, моншаға түсіп, таза жүру деп ойласақ қателесеміз. Ислам дінінде мұсылман адамның тән тазалығына қоса, рухани тазалығы да сақталу керек. Сол үшін де асыл дінімізді насихаттай бастаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол кездегі азған қоғамды үш жағынан тазалаған болатын. Біріншісі – жүректерді Алладан өзге нәрселерге табынудан тазалады. Екіншісі – Ғибадат тазалығы, яғни  намаз, ораза, қажылық, зекет арқылы күнәлардан тазаласа, құлшылықта орындалатын дәрет, ғұсыл арқылы тәнді тазалады. Үшіншісі – Өтірік, ғайбат айтпау, біреудің ақысын жемеу, тәкаппар болмау сияқты көркем мінез тазалығы.

Бәрімізге белгілі, исламда таза болмаған барша нәрсе харам. Мысалы: бет-қол тазалығы былай тұрсын, жейтін асымыз бен жүретін жеріміздің де таза болу керек. Біле білсеңіз, намазымыздың да қабыл болуы үшін намаздың шарты орындалу керек. Оның алтауы ішінде, алтауы сыртында. Сол сыртындағы алтауының бірі осы – тазалық.

Құран аяттарының да ең алғаш түсірілгендердің бірі де тазалық жайында екен. Баршамыз білетіндей, ең бірінші түскен аят «Ағлақ» сүресінің алғашқы бес аяты, ал одан кейін «Мүддасир» сүресі еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  екінші рет  уахи жеткізуші періште Жебірейлдің (ғ.с.) бейнесін көріп, үйіне үрейден қалшылдап, дірілін баса алмай, өңі қашқан сұп-сұр күйде келіп, ішке кіре сала: «Мені қымтаңдар, мені қымтаңдар! Мені бүркеңдер, мені бүркеңдер!» – деп жатқан кезде, мына аяттар оған оқылған еді: «Әй, жамылушы! Тұр енді! Адамдарға ескерт! Раббыңды ұлықта! Киіміңді тазала! Әр түрлі лас істерден аулақ бол! (Қылған ісіңді) көп міндет қылма. Раббың үшін сабыр ет»[1].

«Тұр, киімінді тазала» деп айтқан алғашқы аяттарда Исламдағы тазалықтың маңыздылығы байқалады.

Ал, «Мәида» сүресінде харам, қолдануға болмайтын нәрселер туралы айтқан кезде де, олар лас нәрселерден деп те ескерткен. «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар.»

Осы аяттардан біз арақ, құмар ойындардың  барлығы лас нәрселерден екенін көреді екенбіз. Сол үшін ғалымдар тазалықты үшке бөледі.

1. Нәжістен таза болу.
2. Күнәдан таза болу.
3. Мінезді тазалау.                                                       

 

Ислам діні келгелі мұсылман жұртшылықтың әр үйінде жуынатын орындар болса, Батыс елдерінде монша деген түсінік 18 ғасырдан пайда болған. Сабынның өзін Ислам ғалымдары ойлап тапқан болатын. Әрі кетпей-ақ, күнделікті жейтін тамағымыздың берекеті тазалық екендігі туралы Пайғамбарымыз былай деп айтқан: «Тамақтың берекеті - тамақтың алды мен артында қол жуу»[2].

Ал, таңертен төсектен тұрмастан тамақты алдына алып келгенді романтика деп танып жүрген Европалық тәрбиеге қарсы Ислам діні тазалықты алға тартып, «Кімде-кім таңертен тұрса қолын жусын, себебі қолының қайда түнегенін білмейді ғой» деген емес пе?!

Сондай-ақ, «Бес нәрсені жаратылысынан адам қажетсінеді: мұртты басу, тырнақ қысқарту, қолтықты түктен тазарту, ұятты жерді түктен тазарту, сүндетке отыру»[3],деп, исламдағы тазалық адам жаратылысын толық қамтитынын аңғартқан.

Пәктік иманға шақырады, ал иман жәннатта иесімен бірге болады. Бұл жөнінде қазақ атам:

Тіс бүлінді дегенше
Іш бүлінді десеңші.
Іш бүлінді дегенше,
Іс бүлінді десеңші, - деп тістің тазалығы да өз алдына пайдасы барын жеткізген.

Ислам дінінде ақ киім киюді абзал санаған. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) ақ түсті киімді қатты ұнатқан. Оның себебін ғалымдар көп ойланып былай деп шешкен болатын. Бірінші, ақ түс күннің ыссылығын өзіне тартпайды десе, екіншісі, ақ киген адам таза жүруге тырысады деп тұспалдаған.

Ең бастысы, адам бойында рухани тазалық болу керек. Себебі денеде бір ет бар, егер ол лас болса, онда бүкілі лас болады, егер ол таза болса онда барлығы таза болады. Ол – жүрегіміз. Расымен де, оның тазалығы жойылып бара жатқандай, қазіргі кезде қоғам ішінде болып жатқан парақорлық, жала жабу, өтірік айту, туыстық қатынасты үзу, зина жасау етек алып кеткен. Етек алғаны соншалық, кішкентай сәбилерді тірідей тастап, жазықсыз адамдарды соттап, ата-аналарды балағаттап жүрміз. Абай атамызда осыны меңзеп:

Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуғанмен, іші оңбаған...», адамдар жер басып, кезіп жүр.

Құрметті мұсылмандар, ішкі-сыртқы тазалығымызға мән берейік. Онымен қоса ауламыздың, қаламыздың тазалығы өз қолымызда. Біздің бет-бейнеміз, имандылығымыз осыдан-ақ аңғарылады. «Тазалық - иманның жартысы» деген сөзді ұран қылып, әр қашан таза жүрейік.

 


[1]«Мүддасир» сүресі, 1-5 аяттар.
[2] Бухари, Уду, 26.
[3] Муслим, Тахара, 49-56

Руслан Сұлтанов

Пікірлер Кіру