ТАРАУЫҚ НАМАЗЫНА ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАР

13 наурыз 2024 2260 0
Оқу режимі

ТАРАУЫҚ НАМАЗЫНЫҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

 Тарауық намазы әрбір мұсылманға бекітілген сүннет[1]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

شهر كتب الله عليكم صيامه وسننت لكم قيامه

«Алла Тағала сендерге Рамазанда (күндіз) ораза ұстауды парыз етсе, Мен (түнінде) құлшылық етуді сүннет еттім»[2], – деген.

Тағы бір хадисте:

مَن قام رمضان إيمانًا واحتسابًا، غُفِر له ما تقدَّم ذنبه 

«Кімде-кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін түнгі намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»[3] делінген.

Рамазан айындағы түнгі намаз – тарауық намазы. Оны әрбір төрт ракағаттан кейін отырып дем алғандығы үшін тарауық деп атаған[4].

Тарауық намазын жамағатпен оқу кифая (біреуі орындаса басқасының мойнынан түсетін амал) сүннет болып саналады[5]. Тарауықты оқымаған мешіт жамағаты түгел күнәһар болады. Олардың кейбірі оқыса басқаларының мойнынан күнә атауы түседі. Ал мешітте жамағатпен оқымағандар артықшылықтан құр қалады. Бұған кейбір сахабалар мен табиғиндардың мешітте жамағатпен оқымағандығы дәлел болады[6].  

 

  ТАРАУЫҚ НАМАЗЫН ҮЙДЕ ОҚУҒА БОЛА МА?

Тарауық намазын мешітте оқыған абзал[7]. Егер мешітте жамағатпен оқымай үйлерінде оқыса күнәһәр болмайды[8].

Абдур-Рахман ибн Абдулқариден жеткен риуятта былай делінеді: «Омар ибн Хаттабпен Рамазан айынын бір түнінде мешітке барғанмызда, топ-топ болып жатқан адамдарды көрдік. Біреуі намазды жалғыз оқып жатыр, ал біреуінің артынан бір топ адам ілесіп намаз оқып тұр. Омар: «Оларды бір имамның артына жинағаным жақсы болар еді», – деді. Сосын оларды Убай ибн Кағбтың артына жинады. Содан кейін онымен тағы бір түні мешітке шыққанымда, адамдар бір қариға еріп, намаз оқығанын көрдік. Омар: «Қандай жақсы жаңалық», – деген»[9].

Сондықтан ер адамдар тарауықты үйінде оқуына болады. Бірақ мешітте оқығаны абзал. Ал әйелдердің өз үйлерінде оқығандары абзал. Дегенмен, мешітке барып оқуларына шариғат тыйым салмайды. Алайда олардың мешітте оқығанынан көрі, үйде оқығандары сауабы молырақ. 

 

  ОРАЗА ҰСТАМАҒАН АДАМ ТАРАУЫҚ НАМАЗЫН ОҚИ АЛА МА?

 Тарауық намазы сүннет болып саналады. Оны оқымаған адам үлкен сауаптан құр қалады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

إِنَّ لِرَبِّكُمْ عزَّ وجلَّ فِي أَيَّامِ دَهْرِكُمْ نَفَحَاتٍ، فَتَعَرَّضُوا لَهَا، لَعَلَّ أَحَدَكُمْ أَنْ تُصِيبَهُ مِنْهَا نَفْحَةٌ لا يَشْقَى بَعْدَهَا أَبَدًا

«Расында, Алла Тағаланың осы дүние күндеріңде көптеген сыйларды беріп қойған (сауап істеуге мүмкіндіктер берген). Оны пайдаланыңдар. Сендердің бірің ол берілген сыйдың біріне сай келсеңдер, одан кейін мүлдем бақытсыздыққа ұшырамауларың мүмкін»[10], – дейді.

Тағы бір хадисте:

مَن قام رمضان إيمانًا واحتسابًا، غُفِر له ما تقدَّم ذنبه«Кімде-кім Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін тарауық намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»[11], – деген.

Сондықтан тарауық намазын ораза ұстауға шамасы келген адам да, шамасы келмегенде оқи береді. Тарауықты тек ораза ұстаған адамдар ғана оқиды деген шарт жоқ. Дегенмен оразаны ешбір себепсіз ұстамау – үлкен күнә.

 

 ТАРАУЫҚ НАМАЗЫ ҚАЛАЙ ОҚЫЛАДЫ?

 Имам құптан намазынан кейін жамағатпен жиырма рәкағат намаз оқиды. Жиырма ракағат оқу көпшілік ғалымдардың көзқарасы[12].

Әс-Сәиб ибн Зайд былай дейді: «Омар, Осман және Алидың халифалық тұсында тарауықты жиырма ракағат оқыған»[13]. Тағы бір риуаятта: «Жиырма үш»[14], – делінген. Үш ракағаты – үтір намазы.

Ал имам Мәлик Мәдиналық тұрғындардың оқыған тарауықын алға тартып отыз алты ракағат оқылады дейді. Имам Мәликтің келтірген дерегі дәлел ретінде жарамайды. Өйткені Мәдиналықтар әрбір тәруиханың (демалыстың) арасында жеке-жеке төрт ракағат намаз оқиытын, ал Меккеліктер қағбаны жеті рет тауаф жасайтын. Бұған ешқандай тыйым жоқ. 

Тарауық намазының әр ракағатында «Фатиха» сүресінен соң бір қысқа сүре оқылады. Кейбір ғалымдар «Піл» сүресінен бастап айналдыра оқиды. Адам рәкағат санынан шатаспас үшін осылай оқыған жақсырақ дейді[15]. Рамазан айы ішінде Құранды басынан бастап, аяғына дейін толық бір рет оқып шығу – сүннет.

Тарауық намазын әрбір екі рәкағатта сәлем беріп[16], бес тәруиха – демалыс жасайды. 

Тарауық намазын оқу үшін мешітке келген адам алдымен құптан намазын оқиды, одан соң тарауық намазына қосылады. Тарауық намазының қалған рәкағаттарын және үтір намазын кейін өзі жалғыз оқып бітіреді. Тарауық намазының қазасы оқылмайды[17].

 

ТАРАУЫҚ ТАСБИХЫН АЙТУ ШАРИҒАТҚА ҚАЙШЫ МА?

 Тарауықтың әрбір төрт ракағатынан кейін және үтір намазынан бұрын төрт ракағат намаз мөлшеріндей отыру сәләф (алдыңғы буын) ғалымдарынан мұра ретінде жетіп келген. Әбу Ханифадан осылай риуаят етілген. Негізі «тәруиха» сөзі аздаған демалыс дегенді білдіреді. Оны жүзеге асыру үшін төрт ракағат намаздың уақытындай отырады. Мекке тұрғындары әр тарауықтың арасында кағбаны жеті рет тәуаф етсе, Мәдиналықтар жеке тұрып төрт ракағат намаз оқитын. Әр қала тұрғыны тәсбих тарта ма, тәһлил айта ма, үндемей күтіп отыра ма немесе жеке тұрып намаз оқи ма өз еркі[18].  

Сондықтан «тарауық тасбихы» шариғатқа қайшы емес. Демалып отырған кезде үш рет мына тәсбих оқылады: 

 سُبْحَانَ ذِى الْمُلْكِ وَالْمَلَكوُتِ، سُبْحَانَ ذِى الْعِزَّةِ وَالْعَظَمَةِ وَالْقُدْرَةِ وَالْكِبْرِيَاءِ وَالْجَبَرُوتِ، سُبْحَانَ الْمَلِكِ الْحَىِّ الَّذِى لاَ يَمُوتُ، سُبُّوحٌ قُدُّوسٌ رَبُّ الْمَلآئِكَةِ وَ الرُّوحِ، لاَ إِلٰهَ إِلاَّ اللهُ نَسْتَغْفِرُاللهَ، نَسْئَلُكَ الْجَنَّةَ وَ نَعُوذُ بِكَ مِنَ النَّارِ

 

Оқылуы: «Субхана зил-мулки уәл-мәләкут. Субхана зил-иззати уәл-азамати уәл-құдрати, уәл-кибрияи уәл-жәбәрут. Субханәл-мәликил-хайилләзи лә янаму уә ла ямут. Суббухун, қуддусун Раббуна уә Раббул мәләәикәти уәрруух. Лә иләһә илла Алла настағфируллаһ. Насәлукәл джанната уә нағузу бика минәннаар».

Мағынасы: Жердегі және аспандағы жаратылыстардың иесі – Алла Тағаланы әрқандай кемшіліктен пәк деп білемін. Үстемдік, ұлықтық, құдірет және жоғары мәртебелік иесі – Алла Тағаланы әрқандай нұқсаннан пәк деп білемін. Еш өлмейтін, мәңгі тірі, бүкіл әлемнің патшасы – Алла Тағаланы әрқандай айыптан пәк деп білемін. Ол мін-кемшіліктерден пәк әрі таза, періштелердің және Жәбірейілдің Раббысы, бір Алладан басқа құдай жоқ. Біз Алла Тағаладан күнәларымыздың кешірілуін сұраймыз. (О, Жаратқан Иеміз!) Сенен жәннатты сұраймыз, Саған тозақ отынан құтқар деп сиынамыз[19].

Тарауық намазы аяқталып, бесінші тәсбих айтылғаннан кейін мына дұға оқылады: 

 اَللَّهُمَّ صَلِّ عَلَى مُحَمَّدٍ وَ عَلى اٰلِ مُحَمَّدٍ وَ سَلِّمْ، اَللَّهُمَّ زَيِّنَّا بِزِينَةِ الإِيـمَانِ، وَ شَرِّفْنَا بِشَرَافَةِ الْهِدَايَةِ وَ الْعِرْفَانِ، وَ أَكْرِمْنَا بِصِيَامِ شَهْرِ رَمَضَانَ وَ ارْزُقْنَا الْجَنَّةَ وَ الْغُفْرَانَ، وَ تَقَبَّلْ مِنَّا تَرَاوِيحَنَا يَا سُبْحَانَ، وَ اسْتَجِبْ دُعَآئَنَا يَا حَنَّانُ، بِفَضْلِكَ وَ جُودِكَ يَا مَنَّانُ، بِرَحْمَتِكَ يَا أَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ

 

Мағынасы: Иә, Алла! Мұхаммедті және оның қауымын рақым етіп, аман қыла гөр. Иә, Алла! Бізді иман зейнетіне, тура жол және танымдық шарапатына бөле, рамазан айының оразасымен сыйла, бізге жәннатты нәсіп ет, күнәларымызды кешір. Уа, пәк Алла, біздің оқыған тарауық намазымызды қабыл ет. Уа, рақымды әрі бізге сұрамастан алдын ала беретін Алла, Өзіңнің кеңшілігіңмен әрі жомарттығыңмен біздің дұғамызды қабыл ет! Уа, аса рақымдылардың рақымдысы! Барлық жақсылық Сенің рақымыңмен ғана.

 

ТАРАУЫҚ НАМАЗЫН СЕГІЗ РАКАҒАТ ЕТІП ОҚУҒА БОЛА МА?

 Кейбір ғалымдар сахабалардың және фақиһтардың бірауыздан келіскен мәселесіне қайшы келіп, тарауықты сегіз ракағат етіп оқуына болады дейді. Одан артығырақ етіп оқуды бидғат санайды. Оған дәлел ретінде Айша анамыздан жеткен: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рамазанда және одан басқа айларда он бір ракағат асырмаушы еді. Әуелі төрт ракағат оқитын.  Оның ұзақтығы мен көркемдігін айтып жеткізу қиын. Кейін тағы төрт ракағат оқитын. Оның да ұзақтығы мен көркемдігін айтып жеткізу қиын. Сосын үш ракағат оқитын. Мен одан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Сіз үтір намазынан бұрын ұйықтайсыз ба?» – деп сұрадым. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Айша! Менің екі көзім ұйықтағанымен жүрегім ұйықтамайды», – деп жауап берді»[20] деген риуаятты алға тартады.   

Бұл хадис тарауықты сегіз рәкағаттан көбірек оқуға болмайды дегенге дәлел болмайды. Өйткені бұл тәһәжжуд намазына қатысты айтылған[21]. Оған қоса тарауық намазы Рамазаннан тыс басқа айларда оқылмайды.

Сол үшін тарауық намазы жиырма ракағат етіп оқылады. Бұл – көпшілік ғалымдардың көзқарасы[22] әрі тура жолға бастаушы (Омар, Осман және Әли) халифалардың сүннеті[23].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менен кейін өмір сүргендер көптеген келіспеушіліктерге куә болады. Сендер менің сүннетіме және әділ де тура жолға бастаушы халифаларымның (алғашқы 4 халифа) сүннетінен мықтап ұстаныңдар. Оларға азу тістеріңмен жармасыңдар» [24], – деген.

 

РАМАЗАН АЙЫНДА ҮТІР НАМАЗЫ ЖАМАҒАТПЕН ОҚЫЛА МА?

 Иә, рамазан айында тарауық намазын оқып бітірген соң, үтір намазы жамағатпен оқылады. Имам үтірдің үш рәкағатын дауыстап оқып, Құныт дұғасын ішінен оқиды. Алайда рамазаннан тыс басқа айларда үтір намазын жамағатпен оқу – мәкруһ. Өйткені ол бір жағынан нәпіл намазы болып саналады. Нәпіл намазын рамазаннан тыс айларда жамағатпен оқу – мәкруһ[25].  

Үтір намазын рамазан айында жеке оқығаннан жамағатпен оқыған абзал. Тек түннің соңғы бөлігінде оқуды жақсы көрсе, онда сол уақытта оқыса да болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

اجْعَلُوا آخِرَ صَلَاتِكُمْ بِاللَّيْلِ وِتْرًا

«Түнгі намаздарыңның соңғысы үтір болсын»[26], – деген.

Дегенмен бұл жамағат намазын тастап үтір намазын түннің соңғы бөлігінде оқыса абзал болады деген сөз шықпайды[27]

 

«Рамазан оразасына қатысты пәтуалар»

 кітабынан

 

 

[1] «әл-Ихтияр», 1/234.

[2] Ибн Мәжә, №1328.

[3] Бұхари, №37. Муслим, №759.

[4] Абдулхамид Махмуд Туһмаз, «әл-фиқһ әл-ханафи фи сәубиһи әл-жәдид», 1/427.

[5] «Марақи ал-фалах», 157.

[6] «Фәтху баби әл-иная», 1/342.

[7] Абдулхамид Махмуд Туһмаз, «әл-фиқһ әл-ханафи фи сәубиһи әл-жәдид», 1/427.

[8] «әл-Ихтияр», 1/23.

[9] Бұхари, №2010.

[10] Табарани, №2865.

[11] Бұхари, №37. Муслим, №759.

[12] «Бәдәиғ әс-санайығ», 2/274

[13] Байһақи, «әс-сунән», 2/496.

[14] «Муатта», 1/115.

[15] «Радду әл-мухтар», 2/498.

[16] Алайда біздің мәзһабта әрбір екі ракағатты жаңадан тәкбир тахримамен бастап оқу шарт емес. Бұл екінші ракағатта ташаһһуд мөлшеріндей отыруға байланысты айтылған мәселе. Егер ташаһһуд мөлшердей отырмаса Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша намазы дұрыс емес, ал Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтың пікірі бойынша дұрыс саналады («Бәдәиғ әс-санайығ», 2/277). Бірақ оқығаны екі ракағат болып есептеледі («Мәрақи әл-фәлах», 2/63).

[17] «Әл-Фәтауа ат-Татархания», 1/421.

[18] «Фәтху бәби әл-иная», 1/342.

[19] «Хашияту ибн Абидин», 2/49.

[20] Бұхари, №1147. Термизи, №439.

[21] Таки Усмани, «Инамул-Бари», 4/283.

[22] «Бәдәиғ әс-санайығ», 2/274

[23] Байһақи, әс-сунән, 2/496.

[24] Термизи, №2676.

[25] «Фәтху бәби әл-ғиная, 1/343.

[26] Бұхари, №946. Муслим, №751.

[27] «Фәтху бәби әл-ғиная, 1/343.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

Дереккөз: ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

Пікірлер Кіру