«ТАРАУИХ» ҚАНДАЙ НАМАЗ?

23 наурыз 2023 5779 0
Оқу режимі

Рамазан айында жиырма рәкәғат тарауих намазы оқылады. Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Хақ Тағала сендерге оразаны парыз етсе, мен тарауих намазын сүннет еттім. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады»[1], – деген хадисі бар. Сондықтан ер және әйел кісінің жиырма рәкәғат тарауих намазын оқуы – сүннет муәккәдә[2].

Сүннет муәккәдә – бекітілген сүннет, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрдайым істеген және істеңдер деп өсиет еткен амалдар. Мысалы, таңғы намаздың парызынан бұрын екі рәкәғат сүннет намазын оқу. Бұл үкімді орындамаған адам мол сауаптан және қиямет күні Алла елшісінің (с.ғ.с.) шапағатынан құр қалады.

Тарауихтың бұл үкіміне, біріншіден, имам әл-Байһақи ибн Аббастан және Әс-Сәййиб ибн Язидтен (р.а.) жеткен риуаяттар дәлел. Нақтырақ айтқанда, ибн Аббастың (р.а.) риуаятында Расулулла (с.а.у.) тарауих намазын жиырма рәкәғат етіп оқығаны жайында айтылса, әс-Сәййиб ибн Язидтың (р.а.) риуаятында екінші халифа Омар ибн әл-Хаттабтың заманында тарауих намазы жиырма рәкәғат етіліп оқылғаны айтылған[3].

Жалпы, ғалымдар тарауих намазының рәкәғат санына қатысты түрлі пікір айтқанымен, ғалымдардың басым көпшілігі: «Тарауих рәкәғатының саны – жиырма», – деген көзқарасты ұстанып, бұл мәселеде Омар, Әли, т.б. сахабалардың (р.а.) риуаяттарына сүйенген[4]. Мәселен, мәзһабымыздың Имамы Әбу Ханифа, ғалымдардан Имам Әт-Таури, Имам Ибн Әл-Мүбәрак, Имам Шафиғи, Имам Мәлік, Имам Ахмад, т.б. Ислам әлеміне әйгілі ғалымдар тарауих жиырма рәкәғат етіліп оқылатыны жайында айтқан[5].

Омар ибн Әл-Хаттаб (р.а.) халифалық дәуірінен бастап, мұсылмандар жаппай тарауих намазын жиырма рәкәғат етіп оқитын болды. Омардың (р.а.) бұл үкіміне бірде-бір сахаба (р.а.) әрі кейінгі бірде-бір халифа қарсы шықпады[6].

Әбу Ханифа Омардың (р.а.) бұл ісі жайында сұралғанда: «Омар (р.а.) мұны ойынан шығармады», – деп жауап берсе («Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа»), Имам Шафиғи: «Мен Меккеде адамдар тарауих намазын жиырма рәкәғат етіп оқығанын көрдім», – деген[7].

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Омардың (р.а.) көзі тірісінде-ақ ол жәннаты болатыны жайында айтып сүйіншілеген болатын. Ал сол Омар (р.а.) тәрізді сахабаға еруге қатысты дәлел ретінде Расулулланың (с.ғ.с.): «Менiң сүннетiм мен әдiлеттi халифалардың жолына мықтап жабысыңдар!»[8], – деген сөзін келтіруді жөн көрдік!

Кез келген елдімекеннің тұрғындары тарауих намазын өздеріндегі мешітте жамағат болып оқуы – сүннет кифая[9].

Шариғатта «кифая» деп мұсылмандардың бір бөлігі орындаумен міндеттілігі бас-қалардың мойынынан түсетін амалды айтады. Мәселен, жаназа намазының үкімі – парыз кифая.

Осы себептен, бір мешітке қарасты жамағаттың еш қайсысы тарауих намазын мешітте оқымаған жағдайда жамағаттың барлығы сүннетке қайшы әдепсіздік еткен болады[10].

Негізі тарауих намазын мешітте оқыған абзал. Себебі, жамағатпен оқылатын намаздың абзалы – мешітте оқылған намаз[11].

Жалғыз оқыған адам әдепсіздік етпегенімен, жама-ғаттың сауабынан құр қалады.

Тарауих намазының уақыты – құптан намазы мен таң атудың аралығында[12]. Осы себептен, құптан намазынан бұрын оқылған тарауих тарауихқа жатпайды[13].

Тарауих намазын оқудың ең абзал мезгілі – түннің үшінші бөлігі кіруден бұрын[14].

Сонымен қатар, тарауих намазын құптан намазы оқылғаннан кейін үтір уәжіп намазынан бұрын немесе кейін оқу шариғатқа қайшы емес[15]. Осы себептен имам тарауих намазын оқып тұрған болса, мешітке кешігіп келген адам алдымен құптанның парызын оқып, кейін тарауих намазына тұрады. Бұл жағдайда құптан намазының сүннетін тарауих намазының отырыстары арасында оқыса болады. Оқымаса, соңынан үтірден бұрын оқып алады[16].

Тарауих намазын екі немесе төрт рәкәғаттан оқыса болады. Әр төрт рәкәғатта сәлем бергеннен кейін демалу уақытында[17] түрлі зікір, дұға етсе, уағыз айтса, тіпті үндемей отырса да болады. Себебі, жаман сөз айтпай, үндемей отырудың өзі – ғибадат[18]. Жалпы демалу барысында осы айтылған амалдың қайсысымен шұғылдану жамағаттың ықтиярында.

Үзірлі жағдаймен оқылмаған тарауих намазының қазасы өтелмейді[19]. Жамағат жалқауланса, тарауихты жекелей  болса да оқу керек. Өйткені, тарауих намазының үкімі – сүннет муәккәд, яғни уәжіпке жақын[20].

Сондықтан, намазхандар Рамазан уақытын пайдаланып намазды жамағатпен оқуға дағдыланғаны абзал. Себебі, жамағат – Исламның белгісі және дін нышаны болып табылады.[21]

ТАРАУИХ НАМАЗЫНЫҢ ТАСБИХЫ 

Оқылуы: «Субхаанә зил-мүлки уәл-мәләкүүт. Субханә зил-иззәтә уәл-азамәти уәл-құдрати уәл-кибрия-и уәл-жәбәруут. Субханәл-мәлики-хаййл-ләзи лә йәмуут. Суббуухун құддуусұн раббүна уә раббүл-мәләәикәти уәррууһ. Ләә иләәһә иллаллаһү нәстәғфирұллааһ нәсәлүкәл жәннәтә уә нә узү бикә минәннар».

Қазақша мағынасы: «Патшалық және мүліктер иесі Алла пәк. Үстемдік, ұлылық, құдірет, үлкендік және өктемдік иесі Алла пәк. Өлмейтін (мәңгі) тірі (патшалардың) патша Алла пәк. Өте пәк, тым кіршіксіз Раббымыз, әрі періштелердің Раббы, әрі Жәбірейілдің Раббы, Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Алладан жарылқау тілеймін. Я, бір Алла! Сенен жәннат тілеймін және тозақ отынан сақта деп саған сыйынамын».

ТАРАУИХ НАМАЗЫНЫҢ БАТАСЫ 

Оқылуы: «Аллаһүммә салли ала Мұхаммәдин уә ала әли Мұхаммәдин уә сәллим. Аллаһүммә заййна бизинәтил-имани, уә шәррифнәә бисиями шәһри рамадан. Уәрзұқнал-жәннәтә уәлғұфран. Уә тәқаббәл миннә тарауихана я сүбхан. Уәстәжиб дұғаәнә я Ханнан, бифадликә уә жүдикә я Мәннән. Бирахмәтикә я әрхамар-рахимиин».

Қазақша мағынасы: «Уа, бір Алла! Мұхаммедке (с.ғ.с.), әрі үй ішіне игілік ет және есендік бер. Уа, бір Алла! Бізді иман сәнімен сәнде және бізді туралықпен, танымның сыйымен сыйла. Рамазан айымен құрметте. Бізге жәннатты жарылқауды нәсіп ет. Уа, пәк Алла! Біздің тарауих намазымызды қабыл ет. Уа, игілік етуші Алла!

Өз ілтипатың, өз жомарттығыңмен, өз мархабатыңмен бізді жарылқа, уа, аса қамқорлардың ерекше мейірімдісі, Алла!»

 


[1] Нәсаи.
[2] «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».
[3] «Фиқ-һүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».
[4] «Тух-фатүл-Ахуази».
[5] «Тух-фатүл-Ахуази».
[6] «Бидәятүл-мүжтәһид уә ниһаятүл-муқтасыд»
[7] «Тухфатүл-Ахуази»
[8] «Сунәнут-Тирмизи».
[9] «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб».
[10] «Фатхүл-Қадир».
[11] «Әл-Фиқһ».
[12] «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».
[13] «Әл-Фиқһ»
[14] «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб»
[15] «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».
[16] «Әл-Фиқһ»
[17] «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа»
[18] Әбу Дәуід.
[19] «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»
[20] «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».
[21] «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

Дереккөз: Muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру