Табысқа жетудің тиімді жолы…

23 ақпан 2021 8217 0
Оқу режимі

Бұл дүниеге сынақ үшін келген адам баласының ең үкен қалауы табысқа жету болса, ең үлкен қорқынышы да – тапқан табысынан айрылып қалу. Ақырет табысына жету немесе жете алмау осы өмірдегі іс-әрекетімізгі қарай болмақ. Алайда, адамдар сенімдеріне қарай жетістікке жету мәселесін әрқалай түсінеді.

Біреулердің мына дүниеде ешкімнен кенде болмаймын деп күндіз-түні қажымай еңбек еткендерін көреміз, бірақ бұлар табысты халал не харам жолмен тапқанына мән бермейді. Ал басқа біреулер тапқан табыстың көптігіне емес, оның таза жолмен келуіне көңіл бөледі.

Кітабымыз Құран Кәрімде табысты жақсы не жаман жолмен тапқандарға жалпылама «кесб» сөзін қолданса, «жетістікке жеттім» деген нәрсесінен түбегейлі айрылып қалғандарға «хусран» сөзін қолданады. Осыған орай ислам ғалымдары табысқа жетудің жолдарын үшке бөліп қарастырған:

1.Тек қана дүние табысы.

2. Тек қана ақырет табысы.

3. Дүние һәм ақырет табысы.

Ұлы Аллаһ Тағаладан және ақырет күнінен қорыққан пенде, әуелі, Алланың әмірлеріне бойсұнып, өмір сүрудің жүйесін Ислам дінінен үйреніп, қоғамдағы небір қиыншылыққа төзе отырып, тек Алланың разылығын негізге алатын болса, онда ол мәңгілік бақыттың кілтін тапқаны. «Әркімнің ұстанатын жолы бар. Олай болса жақсылықта жарысыңдар.”(Бақара 2/148)

Құдайға сенімі әлсіз немесе сенімі мүлдем жоқ атеисттің мақсаты тек осы дүниенің нығметтеріне қол жеткізу болғандықтан, оның қандай жолмен тапқандығына қарамайды. Оларға тек осы дүниенің нәпсілік ләззатына қанып, жегені артында жемегені алдында болса болды. Аллаһ Тағала кім не сұраса, соған бұл дүниеде ешкімді бөліп жармай беруде, алайда ақыретте оның есебі күтуде. «Мал-мүлік пен балалар, дүние тіршілігінің сәні ғана. Ал мәңгі қалатын ізгі істер болса, жақсы табыс бойынша да әрі үміт тұрғысынан да хайырлы (Кәһф 18/46).

Мұсылман кісі дүниесі мен ақыретін құстың екі қанатындай тең ұстауы қажет. Абай атамыз: «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» – деп бекер атпаған. Абайдың ғибадат сөзін қолдануында кең ауқымды мағына бар. Өйткені, құлшылық – өз-өзін танудан басталады. Өзін таныған кісі өзінің әлсіздігін мойындап, Жаратушы Иесін таниды. Раббысын мойындаудың дәлелі құлшылыққа мойынсұнудан басталады. Мұндай жетістікке қол жеткізген адам, жетістікке жеткенін уысынан шығарып алмас үшін әрбір сәтін Аллаһтың разылығын іздеумен өткізеді. Аллаһтың разылығын қалаған пенде үшін ең әуелі ниет пен іс-әрекет қажет. Ақырет жетістігіне қол жеткіземін деген кез-келген адам, қандай салада болмасын өз жұмысымен сауапқа кенеле алады. Мәселен, саудагер саудасын адал атқарып, саудасынан түскенінен бір мөлшерін Аллаһ жолына арнау, қарапайым жұмысшы басшысына мойынсұнып, әрбір ісін тиянақты орындап, адал жалақысын алып, бала-шағасына азық-түлік алу, мұқтажды кісілерге мұқтаждықтарын тауып беру, керек десеңіз біреуге жақсы сөз сөйлеудің өзі, тіпті қандай да бір игі іске ниет етіп, оны орындай алмаған кісіге де Рахымды Аллаһ сауабынан құр алақан қалдырмайды. «Сонда кім тозаңның салмағындай жақсылық істеген болса соны көреді. Ал кім тозаңның салмағындай жамандық істесе, ол да сонысын көреді».(Зілзәлә 99/7-8).

Қоршаған ортадағы адамдардың көбі өмірдегі көптеген мәселені діннің қоғамға деген көзқарасымен шешпей, өздерінің дінге деген көзқарастарымен шешіп жүре бергісі келеді. Алайда, бұл жүріспен жүрудің соңы құрдымға алып баратынын білмейді. Елімізде харам жолмен табысқа тез жететін жолдар шаш етектен, біреуі құрыса екіншісі табыла қалады. Несие, ипотека деген нерселер халықты аласұртты, екінің-бірі аларында алғысын айтып, өсіммен қайтып берерінде қарғысын айтып жүгендерді көресің. Бұл іспеттес харам нәрселердің елімізде көбеюінің себебі, адамдардың Аллаһтың жіберген дініне еш мән бермейтіндіктің салдары. «Расында Бізге жолығуды үміт етпегендер және дүние тіршілігіне мәз болып сонымен көңілдері жәй тапқандар, міне солар аяттармыздан хабарсыз. Олардың істеген күнәлары себепті орындары тозақ» (Юныс 10/7-8).

Әрбір саналы адам баласы: «Мен қандай жолмен табысқа жетіп отырмын? Мәңгілік табыс па, әлде өлсем өзіммен бірге өшетін табыс па?» – деген сол іспеттес сұрақтар мазалауы керек. Атақты ислам философы Мұхаммед Икбал: «Өміріміз бен тәрбиеміздің басты негізі – Ислам болуы керек. Біліміміз бен ақылымыз Дінге сүйенбейтін болса, оның түкке де тұрғысы жоқ», – деп жақсы айтқан.

Сөзіміздің соңын шынайы жетістікке жетудің жолы Құран Кәрімнің Әли-Имран сүресі 185 аятымен тамамдасақ, «Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады. Шын мәнінде ақыларың толық төленеді. Сонда кім тозақ отынан құтылып жәннатқа кіргізілсе, расында ол құтылды. Негізінде дүние тіршілігі алданыштың ғана нәрсесі».

Қуат Ерғалиұлы

Пікірлер Кіру