СУ – ТАҢҒАЖАЙЫП ӘРІ БАҒА ЖЕТПЕС ТІРШІЛІК КӨЗІ

10 ақпан 2024 2452 0
Оқу режимі

Әлемдердің Раббысы Алла Тағаланың берген сансыз нығметінің бірі. Су бар жерде береке бар. Ғылыми мәліметтерге сүйенсек, адам тамақтану процесінде жылына орта есеппен 60 тонна су ішеді екен. Бұған оның өзге де өмірлік күнделікті қажетіне кететін 300 тонна суды қосыңыз. Сонда бір адамға жылына орта есеппен 360 тонна су керек екен. Ал біз болсақ суды оңды-солды ағызып, шелектеп төгіп, суды ысырап етіп жатырмыз.

Әлемдегі ластық атаулыға судың тапшылығы себеп болады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) таза әрі жеткілікті суды тұтыну мүмкіндігін адамның табиғи құқықтары қатарына жатқызған: «Барлық адамдар әлеуметтік, экономикалық немесе хал-ахуалына қарамастан негізгі мұқтаждығын өтейтін таза және жеткілікті мөлшерде ауызсу иемдену (пайдалану) құқығына ие». Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осыдан 1400 жыл бұрын: «Жеті амалдың сауабы кісі өлген соң да үзілмейді, оның амал дәптері жабылмайды, сауабы барып тұрады. Олар – ілім үйрену, су жүретін арықтар қазу, құдық қаздыру, көпшіліктің игілігіне кітап жазып қалдыру, өлген соң артынан дұға қайыратын жақсы ұрпақ тәрбиелеу», – деген. Алла елшісі осы хадисінде халықты таза сумен қамтамасыз ету екі дүниеге де пайдалы іс екенін меңзеген болатын. Сондықтан мұсылмандар мүмкіндігі жеткенше өңірлерді суландыру кешенін
жасаған. Мысал ретінде, Ислам тарихындағы атақты сәулетші Мимар Синан жасаған егістіктерді суғару жүйесі мен су құбырларын келтіруге болады.

Құран Кәрімде Алланың адам мен өзге жандыларды судан жаратқаны, тазаланумен қоса көптеген хикметтерге байланысты аспаннан таза су жаудырғаны баяндалып, жер бетіндегі тіршілік атаулының өмірі тұрғысынан судың маңыздылығына және оның тазалықтың негізгі құралы екеніне ишарат жасалады.

Алла Тағала Құранда: «Аспаннан тап-таза жаңбыр жаудырдық», – дейді («Фурқан» сүресі, 48-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде сумен тазаланудың маңыздылығына тоқталып, ағынсыз және ағынды өзен суларының, жаңбыр, теңіз не көл суларының тазалық үшін пайдалануына қатысты бірнеше анықтама берген. Соның ішінде ағынсыз не ағынды өзен суларын тазалау, оларды сол қалпы сақтау жайында көптеген маңызды мәлімет берілген. 

Біздің қазақ «Судың да сұрауы бар» дейді. Осы сүбелі сөздің мағынасына бойлап жүрміз бе? Жаратқанның адамзатқа берген сыйының бағасын білеміз бе? Шыны керек, көпшілігіміз үйіміздегі крандар мен құбырлардан судың шамадан тыс ағып жатқанына мән бермейміз. Соның салдарынан күн сайын көп мөлшерде су ысырап болатынын есептей беріңіз. 

«Жер – қазына, су – алтын» деген бабаларымыз су қадірін жақсы білген. Себебі сусыз өмірді елестету мүмкін емес. Суды «өмір» деп те атауға болады. Өйткені жер бетінің 71 пайызы дерлік – су. Жер бетіндегі судың көп бөлігін теңіздер мен мұхиттар алып жатыр. Ғалымдар жерді «көгілдір планета» деп атайды. Олай атайтын себебі: ғаламдағы суы мол жалғыз планета – біздің Жер.

Жер бетіндегі тіршілік сусыз бір күн де өмір сүре алмайды. Тіршілік ету үшін адамдар ғана емес, барлық жануарлар мен өсімдіктер де суға мұқтаж. Жерде су болғандықтан, тіршілік бар. Алайда бүгінде әлемде таза ауызсудың тапшылығына тап болған елдер көп. Әлемде таза ауызсуға қол жеткізе алмай отырған 2,5 миллиард адам бар. Су осы уақытқа дейін әлемнің көптеген елдерінде барынша мол зат ретінде тегін пайдаланылып келді. Сол себепті біздің қазақ бір нәрсені өте арзан бағаға алғанда «су тегін» алдық дейтін. Енді осы жағдай келмеске кетіп барады. Жер бетінде судың үлесі көп болғанымен, адамзат кәдесіне жарайтын таза ауызсудың мөлшері өте аз. Ауыз суды ұтымды пайдаланудың бір ғана жолы бар, ол – үнемдеу. Сондықтан бәрімізге суды үнемдеу қажет.

Суды үнемдеу өмірді сақтайды. Болашағымыз үшін суды үнемдеуіміз қажет. Тұрғындар суды бей-берекет шашпай, орнымен қолданса, суды 40 пайызға дейін үнемдей алады. Дәл қазір Жер шарына қойылып отырған талап осы. Жер бетінде тұщы судың мөлшері өте аз. Арктика мұздықтарының тұщы екені белгілі, бірақ ғаламдық жылыну бұл қорды жылдан жылға кемітіп келеді. Сондықтан адамзаттың келешегі үшін әрбір тамшы су маңызды.

Елімізде, халық арасында ауызсу пайдаланудың мәдениеті қалыптаспағаны көңілге қаяу түсіреді. Мәселен, елдімекендерге су тартылып, ескі кәріз құбырлары жаңартылғанда сол жердегі үй саны, адам саны мен басқа да қажеттіліктер есепке алынады. Ал жаз мезгілінде суды тұтыну 5-6 есеге көбейеді. Алайда ешбір бағдарламада жазды күні жұртшылықтың бау-бақшаны таза ауызсумен суаратыны ескерілмейді. Мұның зардаптары қандай? Біріншіден, жаз айларында суды тұтыну еселенеді. Сәйкесінше, су құбыры мен стансаның, қойманың шамасы оған келмейді. Сөйтіп ауылдың бір жағына су жетсе, екінші жағына жетпейді. Бұл – жазда аулаға су шашу, бау-бақшаны суарудан туындайтын мәселе. Мұндай мысалдар өте көп. Сондықтан суды тұтыну мәдениетін меңгеріп, ысырапқа бой алдырмай, «Судың да сұрауы бар» екенін ескерген жөн.

Сапасыз су адамның денсаулығына зиян. Судың құрамында микроэлементтер мен минералдар жоқ болса, тірі ағзаның қалыпты жұмыс істеу теңгерімі бұзылады. БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, жер бетіндегі аурудың 80 пайызы сапасыз судан болады. «Өлі суды» тұрақты түрде тұтынушылар біршама уақыттан кейін бауыр, бүйрек және тағы да басқа ауруларға шалдығады. 

Микробиологиялық және химиялық көрсеткіштерге сай келмейтін ауызсуды тұтыну оба, тырысқақ, гепатит және гастроэнтерит секілді жаман ауруларға шалдықтырады. ДДСҰ мәліметі бойынша, адамдардың денсаулығы негізінен сапасыз судың салдарынан нашарлайды. 

Ауызсудың тапшылығы – өмірдің нағыз сыны. Қаламызда суқұбырларының жөнделуіне байланысты сағаттар бойы су берілмей қалған кездер болды. Сондай сәттерде тұрғындардың кейбірі «судың қадірін білу керек» десе, енді бірі «су неге жоқ» деген у-шуға бой берді. Ал Алланың нығметіне шүкірлік етіп, судың қадірін білгендер, сол сәттен бастап суды үнемдеуге көшті. Иә, адамдар судың маңызын түсініп, оның ысырап болмауын үнемі қадағалау керек. Себебі, су – ырыстың көзі, ал еңбек – кірістің көзі. Су бергеннің сауабы бар, ал су төккенің жауабы бар. Ендеше, «суды сақтасақ, өмірді сақтаймыз» деген сөзді жадымызда сақтап, суды ысырап етпеуге тырысуымыз керек.

Бізді қоршаған ортадағы адамның өмірі үшін өте маңызды нәрселердің бірі – су. Өлі топырақтың жанданып, жап-жасыл болуы, жан-жануар мен адамның суға деген сұранысын қанағаттандыру үшін, көктен тап-таза жаңбыр жаудырушы – Ұлы Раббымыз Алла Тағала (Фурқан, 25/48-49; Хаж, 22/63.). Алла бүкіл жандыны судан жаратқан (Нұр, 24/45.), соның ішінде адамға да суға тәуелді етіп тіршілік берген. Алланың елшісі (с.ғ.с.) жауып тұрған жаңбырды көргенінде «(Бұл су) Раббымыз тарапынан біраз уақыт бұрын ғана жаратылды» – деп, адамдарға судың қадірін ескертті. Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) судың Алладан келген берекет екендігін тілге тиек етіп, астан соң бата бергенде «Бізді суға қандырған Аллаға мақтаулар болсын» – деп шүкірлік дұғасын қылды. Дәрет пен ғұсыл секілді ғибадаттарда қолданылған су – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғаларында былайша орын алған еді: «Уа, Алла Тағалам! Ақ киім кірден тазарғаны секілді, мені де күнәлардан тазарта гөр! Уа, Алла Тағалам! Менің күнәларымды су, қар және бұршақ суы арқылы тазала!». Табиғаттың ажырамас негіздерінен болып табылатын суға қатысты адамның өте көп жауапкершіліктері бар. Өйткені, су – өмір! Қалай болса солай қолдануға болатын нәрсе емес. Бір күні, Сағд ибн Уәққас дәрет алып жатқанда мейірім пайғамбары (с.ғ.с.) жанынан өтіп бара жатып «Бұл не деген ысырап?!» – дейді. Сағд, «Дәрет алуда да ысырап бола ма?» деп сұрағанында, Алла елшісі (с.ғ.с.) «Иә, тіпті, ағып жатқан өзеннің жағасында болсаң да (дәрет алуда ысырап бар)», – деп жауап қайтарды. Демек, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең қасиетті мақсаттар үшін болса да суды өрескел қолдануға рұқсат етпеген және Өзі де (с.ғ.с.) бұған аса қатты мән берген. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) су көздерін қорғауда ерекше табандылық көрсеткен. «Лағынетке ұшырауға себеп болатын үш нәрсені істеуден – су көздеріне, жолдың ортасына, көлеңкелі орындарға дәрет сындырудан сақтаныңдар» – деген.
Әсіресе, тоқтау суларды дәрет сындыру арқылы ластауға хадистерде ерекше тыйым салынған. Ал, теңіз суының таза екендігініне қатысты Алла елшісі былай деген: «Оның (теңіздің) суы – таза-тазалаушы, өлісі – адал.» Ысырапшылықтың кесірінен су қайнарларының таусылуы қоршаған ортаның тепе-теңдігін бұзып, бүкіл жанды атаулы мұның зиянын тартуда. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз заманындағы табиғи су көздерінің қорғалуына қатысты ескертулеріне зер салсақ, қазіргі уақытта канализация суларының, медициналық, химиялық және өнеркәсіптік қалдықтардың өзен-көлдерге, теңіздерге тасталмауы керек екені белгілі болады. Мұндайда атам қазақ

«Судың да сұрауы бар» деген.

Еліміздегі су тапшылығы – өте күрделі мәселе. Мұздықтар қорының азайып, өзен-көлдердің суала бастауы ауыл шаруашылығына үлкен кесірін тигізіп жатқаны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге баса мән беріп жаңадан «Су ресурстары және ирригация министрлігін» құрды.

 

 

Пікірлер Кіру