«СӨЗ ҚАДІРІН – ӨЗ ҚАДІРІМ» ДЕП БІЛГЕН ЖӨН

09 сәуір 2024 2106 0
Оқу режимі

Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтері өте көп. Мұнша нығметтерді ойға алып санай бастасақ, оған санымыз да, ой-санамыз да жетіп болмас. Сондай ұлы нығметтің бірі – тіл. Адамдармен тіл арқылы сөйлесіп, пкірімізді айтып табысамыз, тіпті оны қағаз бетіне түсіріп, жазып жеткізе алатын мүмкіншілікті адам баласына ғана нәсіп етті, яғни ой-пікірімізді, білім-парасатымызды, таным-көкжиегімізді, тіпті мәдениетімізді сыртқа сөйлеу немесе қаламнан туған жазу арқылы байқатамыз. Болмаса көргенсіздік, тәрбиеден алыс тұрғандық, мәдениеттен жұрдайлық та осы сөйлеу немесе жазу барысында айқын білініп тұрады екен. «Тіл – жүректің тілмашы» деп осыдан айтса керек. Ойшыл, ғалым Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Ақыл-ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» деп қалай тауып айтқан. «Кісі өлер, сөз қалар» деген де осы Баласағұн. Жақсы сөздеріңді кейін ел айтып жүреді немесе елге жасаған жақсы істеріңді кейінгілер сөз етіп қалдырады. Ағартушы, ақын Абай атамыз:

 – Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп жырлаған. Қу дүниені қуалап, нәпсінің құр әуейілігімен жүрген адамның шалыс қадамы көп болады, өзі өткеннен кейін ісі де өшеді. «Өлмейтұғын сөз» ғана пендені өлді деуге жеткізбейді. Өлмейтұғын сөздің төркіні имандылыққа, адамгершілікке, ізігілікке барып, нәр алып тұрады. Оңды сөздің сауабы ешқашан өшпейді де кемімейді.

Жүрек таза болса, жақсы сөз содан туады

Пайғамбар (с.ғ.с.) мектебінен тәлім алып, күллі имани құндылықтармен кемелденген ертедегі ізгілер бір-бірімен алғаш кездескенде біразға дейін өзара үнсіз отырысатын көрінеді. Содан кейін ғана «әуелі сіз сөйлеңіз, кім екеніңізді таниық» деп айтады екен, яғни, сөзіне қарап, адамгершілігіне, рухани кемелдігіне баға берілетін болған. Мұны Шәкәрім бабамыз былай дейді: – Хақ мұсылман кім болар – Айтса сөзі шын болар. Рахым, ұят, ар, ынсап – Төртеуі болса, дін болар. Ақын өлеңіне зер салсақ, шынайы мұсылманның бірінші кезектегі бейнесі – сөйлеген сөзінің дұрыстығында, айтқан әңгімесінің естілігінде екен. Абай ақын: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» дейді. Естілік дегеніміз – көргені көп, санаға түйгені мол, жақсылықты жақтап, жамандыққа жаны қас жан. «Егер жүрек таза болса, тілден әдемі сөз шығады» деген екен білімнің қақпасы атанған Хазреті Әли (р.ғ.) бабамыз. Нағыз адамға керек жақсы қасиет рахым, ар, ұят, ынсап екен. Осы төртеуі жиылып адам бойында түгел тұрса, иманды жан екенін осыдан біледі екенбіз. Бұл төртеуімен хақ діннің тазалығын, мұсылманшылықтың тұтқасын ұстай аламыз. Шәкәрім бабамыз әрі қарай жалғап:

– Төртеуінің бірі жоқ,

Бойында иман нұры жоқ.

 Құры айтқанмен бола ма,

Мұсылмандық түрі жоқ, – деп сөзін осылай түйіндейді. Адамда рахым, ұят, ынсап, ар дегеннің бірі болмаса, иманның нұры қайдан төгілсін?! Бұларсыз айтылған сөздің сөлі болмайды. Құр айтылған бос сөзден мұсылмандықтың түрін де, сипатын да көру әсте мүмкін де емес. Хадисте: «Көңіл бұзық болса, дененің істері де үнемі бұзық болады» делінген. Көңілі тазаның сөзі де жақсы істі туғызарын білген жөн.

Сөзіңді жеті өлшеп, бір жаз

Адам қоғамның өкілі әрі саналы тұлға иесі болғандықтан сөзінде сыпайылық, әдептілік, жеткізер ойының салмағы байқалып тұру керек. Ойдың тілі – сөз болып саналады. Адам ойындағысы мен бойындағысын сол сөзімен білдіреді. «Жүзден біреу шешен, мыңнан біреу көсем» деп бекер айтылмаған. Қазақ халқы қай заманнан шешендік өнерді ерекше құрметтеп, аталы сөзге тоқтаған. Сондықтан болар, кешегі бабаларымыз «жақсы байқап сөйлейді, жаман шайқап сөйлейді», «жақсы сөйлесе аузынан нұр төгіледі, жаман сөйлесе аузынан жын төгіледі» деп кеткен. «Сөз қадірін – өз қадірім» деп түсінген текті халықтың ұрпағымыз. «Сөйлесем, сөзім – өзіме төре, үндемесем өзім – өзіме төре» деген екен Шығыстың классигі, ақын Сағди. Көңілге қарап сөйлеу, ойланып сөйлеу деген болады. «Құлақтан кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар» деген де нақыл бар. Көңілді жылататын да, жұбататын да бір ауыз сөз екен. «Сынағысы келетін кісіге мін көп, өкпелегісі келген кісіге себеп көп» деген екен қоғам қайраткері, дарынды жазушы Әбіш Кекілбайұлы. Алаштың арысы, ұлттың ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жұрт керегін білетіндер көп, істейтіндер аз» деп айтқан. Қазір бөсіп тұрып ақыл айтатын да, қонжиған жерінде сынап-мінеп те отыратындар көп. Сондықтан сөздің сұрауы бар екенін естен шығармай, жеті өлшеп, бір жазатын уақыттың ішіндеміз. Айтылған сөз – атылған оқпен тең. Жеті өлшенген сөзден өкініш болмайды. Мынадай хадис бар: «Мүмін алдымен ойланады, кейін сөйлейді, ал мұнафық (екіжүзді) ойланбастан сөйлейді». Саңлақ сахабалар үнемі жақсы сөз сөйлейтін, саз сөйлейтін. Көбіне бос сөз айтып қоймайын деп үндемей жүретін. Сондай ұлы сахабаның бірі хазреті Әбу Бәкір (р.ғ.) аузына тас салып жүретін-ді. Себебін сұрағандарға: «Басқа бүкіл пәлекет осы тілден келеді» деп айтатын еді.

Желі жауапкершілігін сезінген жөн

Қазір ақпараттық технологиялар мен ақпараттық ресурстардың  заманында ғұмыр кешудеміз. Қолында смартфоны жоқ адам таппайсыз. Күн сайын қалта телефонға тыңқ етіп келген ақпараттың ақ-қарасын айыра алмай, барлығын рас деп қабылдай салатын кейіп кешудеміз. «Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның иелігінде» деген сөз бар. Қазір қолымыздағы ұялы телефон күллі ақпараттың отанына айналды. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін ақпаратты осы әлемжеліден алып жатыр. Жақсысынан гөрі жаманшылығы басым ақпараттардың санаға сіңгені сондай, жақсылыққа жанасып, жетістікке қуана білмейтін деңгей қалыптасты. Қазір күллі ақпараттың ағынын әлеуметтік желіден табасыз. Әлеуметтік желінің сан қырлы пайдасы, оның шексіз зияны да бар. Қолдағы ақпараттың жақсысын, қажеттісін, пайдалысын алып, күллі зияндысын қоқысқа тастай алатын ішкі имани сүзгіміз жұмыс жасау керек. Ол болмаса сөз бен істің мәні қашады. Алтындай уақыттан қағылып, зиян шегушінің өзі боламыз. Желі арқылы біреулер білім алып, кәсібін жүргізіп, пайда көруде. Бірі қайырымдылық шаралар жасап, елге игі ісімен үлгі көрсетуде. Енді біреулер өзінің білімін бөлісіп, жақсы әңгімелерін, ғибратты сөздерін салып, өзгенің ой-танымын кеңейтуге үлесін қосуда. «Киімі лас болғаннан емес, ойы лас болғаннан сақтан» деген екен байырғы данышпандар. Желі өзімдікі, ауыз менікі дегеннен туған эгоизм таяз ойдан асырмай, кей жандардың қылығын азғындыққа, жаманшылыққа матап тұр. Ертеңгі күні үлкен өкініш әкелетін мұндай азғын дүниелерден қорқар емес. Жалаңаштану да, балағат сөз айту да, неше түрлі негатив сөздер жазып, өзгенің ар-намысына тию де қазір желінің қалыпты көрінісі болып қалды. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуші еді баяғы үлкендеріміз. Құдайдан безгеннен әр бәле бола береді екен. Бұл сөзге бұрын ойымыз жетпесе, қазір көзіміз анық жеткендей. Желінің жауапкершілігін бүгін сезінбесең, ертең-ақ шайтанның жетегінде кетерің сөзсіз ақиқат.

Мұны білген абзал

 Бұрынғы пайғамбарлардан жалғасып бүгінге жеткен мынадай тәмсіл бар: «Ұялмасаң, білгеніңді істе!». Мұны жақсы түсінген дана халқымыз ұрпағын «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш ауыз сөзімен арсыздық істерден тыйып, имани тәрбиемен өсірген. Бүгінгі өмір тіршілігіміз әлеуметтік желімен тығыз байланысты болғандықтан, жақсы-жаманды сол желіден жолықтырамыз. Алайда сол желіні дұрыс қолданудың, пайдалысын алып, қауіптісінен сақтанудың өзіндік кілті бар. Ол – жүректегі иманымыз, бойымыздағы ар-ұятымыз. Әр нәрсенің өз әдебі болады. «Адам әдебімен көрікті», – дейді қазақ халқы. Тамақ ішу, киім кию, жүріс-тұрыстың әдебі секілді сөз айтудың да, ой-пікірді дұрыс жазып жеткізудің де мынадай әдеп-нормалары бар екенін білгеніміз абзал. Ниетті дұрыстау. Желіге жазатын сөзіміз, өзгелермен бөлісетін фото-видеоларымыздың мақсатын айқындау. Егер елге пайда беретіндей мақсатымыз болса, жақсы жазбамыз да, әдепке негізделген бейнекөріністеріміз де сауапты іске айналады. Сондықтан ниетіміз дұрыс, жақсы ойда жүруіміз керек. Шегінен шықпау. Кез келген дүниенің өз шеңбері болады. Сөйлеудің шегі болғаны секілді, ой-пікірді жазу үшін де өз шеңбері бар. Қолымда пернетақта тұр екен деп, боқтық-былапыт, өсек-ғайбат, анайы сөздерге жол бермей, жазуда сақтық жолын ұстануымыз керек. Сөз бостандығы, ой еркіндігі осы екен деп желі жазбаларында балағат, бейәдеп сөздерді қолданудан аса сақтану қажет. Сіздің сөзіңіз кім екеніңізді көрсетіп тұрады. Сауабы мен обалын ойлау. Жазар сөзіміз жеті өлшеніп, иман таразысынан, ақыл сүзгісінен өтуі керек. Сонда ғана сауапқа себеп боласыз. Ал күнәлі посттың, желідегі жазылған сөз бен пікірдің обалы бар екенін ескеру қажет. Мынаны ұмытпаңыз! Желідегі әр жазбаңыз, айтылған сөзіңіз секілді амал дәптеріңізге түсіп тұрады. Олай болса, жазар ойыңызға терең мән беріп, пайдалы сөз жазуға әдет етіңіз. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың жақсысы – өзгелерге пайдалы болғаны» деп айтқан. Демек, өзгелерге сөзімізбен, ісімізбен пайда тигізу – бұл имандылық, адамгершілік. Абай атамыз: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деп біздің мақсатымызды айқындап кеткендей.

Сөздің сұрауы бар

 Адам қиямет күні істеген ісіне ғана емес, айтқан сөзіне де жауап беретінін білсе, аз сөйлегені сондай, өзіне қатысты нәрселерді айтар еді деген екен бұрынғы жақсылар. Алла Тағала былай бұйырады: «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да, әрдайым дұрыс сөз сөйлеңдер». («Ахзаб» сүресі, 70-аят) Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Әр күні таңертең мүшелер тілге мынадай деп жалбарынады: «Біздің атымыздан сөйлегенде Алладан қорық, жаман сөз айтпа, бізді отқа тастама! Біздің дінге мойынсұнып немесе мойынсұнбауымыз саған байланысты. Сен дұрыс болсаң, біз де дұрыс боламыз. Сен бұрыс болсаң, біз де бұрыс боламыз». Бір хадисте: «Адам маңызы жоқ деп ойлаған бір сөз айтады. Бұл сөз Алла Тағаланың разылығына сай болғаны үшін қияметке дейін одан разы болады. Тағы бір адам мән бермеген бір сөзінің кесірінен қияметке дейін Алла Тағаланың ашуына ұшырайды» делінген. Бір күні Мұғаз ибн Жәбәл (р.ғ.) деген сахаба Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Алланың Елшісі! Мені жәннатқа кіргізетін, тозақ отынан сақтап қорғайтын бір амал жайлы хабар берсеңіз» деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тілін нұсқап: «Ей, Мұғаз! Мына тіліңді жаман сөз айтудан сақта!» деді. Сонда Мұғаз ибн Жәбәл (р.ғ.): «Иә, Пайғамбарым! Сонда біз тілімізбен сөйлеген сөзімізге күнәһар болып, жәһаннамға кіруге кіріптар боламыз ба?» деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласын тозақ отына түсіретін нәрсе – күнәһар сөздерді сөйлеуші тілі» деп жауап берген екен. Түйін. Өмірде сөзден сүрініп, опық жеп, өкінбеу үшін ең алдымен тілге абай болыңыз, жазар ойыңа бекем таныт. Абайша айтсам, «Сөзіне қарай кісі ал, кісіге қарап сөз алма!»

Болатбек ӘБУОВ

 

 

Пікірлер Кіру