ШЫНАЙЫ ДІНДАР ҚОҒАМШЫЛ

24 маусым 2024 1480 0
Оқу режимі

Қазақстан қоғамының модернизацияға ұмтылу үдерісінің нәтижесі діннің жағдайына да үлкен өзгеріс алып келді және дін мәселесінде бұрын-соңды болмаған мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан бұл мәселені терең зерттеп, елдегі діни ахуалды мұқият қадағалап, діни бірлестіктер әрекетінің динамикасы мен жағдайына анализ жасау күн тәртібіндегі мәселе болып отыр. Діннің заманауи қоғамдағы рөліне, оның мүмкіндіктері мен даму жолына біржақты баға беру қиын шаруа. Дінге сенуге түбегейлі тыйым салу не болмаса оған біржақты қараудың оң нәтиже бермейтінін өткен ғасырдағы тарихымыздан жақсы білеміз. Сол себепті қалай болғанда да біз өмір сүріп отырған ғасырда дін қоғамда маңызды рөлге ие болып отыр. Gallup International халықаралық зерттеу орталығының жыл сайынғы сауалнамасының мәліметінше әлем тұрғындарының басым бөлігі дінге сенетіні анықталған. Жер тұрғындарының үштен екісі өзінің дінге сенетінін айтқан. Аз ғана бөлігі дінге сенбейтінін мәлімдеген. Ал 6 %-ы ғана өзін атеист деп есептейді[1].

 ХХІ ғасыр – жаңа технологияның, әсіресе IT-дің заманы боп тұр. Мұның нәтижесінде адамзаттың өмір сүру шарттары айтарлықтай жеңілдеді деуге болады. Бірақ бұл діннің қоғамдағы рөлін бәсеңдетті дей алмаймыз. Дін әлі де өзекті болып тұр. Адам баласы рационалды әлемнің шеңберімен ғана шектеліп өмір сүре алмайтынын тарих дәлелдеді. Адам ақылынан туған небір түрлі технология, дамыған ғылым, өмірді сән-салтанатқа бөлейтін технологиялық жетістіктер адамның жанына толыққанды жайлылық сыйлай алмады. Адам әлі де өзінің ақылы жетпейтін бір тылсым күштен әлденені күтеді. Міне, пенденің осы қажеттілігін белгілі бір дәрежеде дін ғана қанағаттандырады. Демек, ғылым қанша дамыса да ол адам өмірінен дінді ысырып тастай алмайды. Кез келген демократиялық мемлекет діни сенім бостандығына ерік беруге міндетті. Сонымен қатар мемлекет азаматтарды діни бірлестіктердің кері әсерінен де қорғауға мүдделі. Батыс қоғамы осы екі принципті ұстанады. Алайда мұнымен діни мәселені түбегейлі шешіп тастай алмайтынымызды ескеруіміз керек.

Сондықтан біз еліміздегі діни тұрақтылықты сақтау үшін діни бірлестіктердің әрекетіне мұқият мониторинг жасау және осы мәселені тереңірек зерттей түсу керек. Себебі, дін атын жамылып өзінің саяси, экономикалық мүддесін жүзеге асыратын топтар бар. Бұған жол бермеудің жолын қарастыру қажет. Сондықтан да 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» заңының 7-бабында «Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі»[2] делінді.

2009 жылдан бастап орта білім беретін мектептердің 9-шы сыныптарына «Дінтану негіздері» атты факультативті сабақ енгізілді. Енді Қазақстан қоғамының діндарлық деңгейіне келер болсақ, қазақта «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз бар. Бұрын жұрт дінге жуысқан пенде баласынан жамандық күтпейтін. Қазір жағдай өзгерді, дін ұстанған кейбір адамдарға үрке қарайтын жағдайға жетті. Діннің дұрысы мен бұрысы бар дейтін болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында діннің ақ-қарасын ажыратып, саралап беретін білікті маман тапшы болғаны рас. Соның нәтижесінде сырттан келген біраз діни ағымдар елімізде тамыр жайып алды. Бұрын руға, жерге бөлінетін қазақ қазір дінге де бөлінетінді шығарды. Қазір халықтың діни сауаты ала-құла деуге болады. Әлеуметтік зерттеуге сүйенсек елімізде дінге сенетіндер 87 пайызды құрайды. Ал сол 87 пайыздың 16 пайызы ғана діни жоралғыларды салыстырмалы түрде толық орындайды екен[3].

Ал қалғаны жалпы дінге сенеді, бірақ діни рәсімдерді күнделікті өмірде орындамайды. Сонымен қатар елімізде аз болса да дінге мүлде сенбейтін, атеист тұлғалар бар. Енді осы көрсеткіштерге қарап біздегі халықтың діндарлық деңгейін шартты түрде бірнеше топқа бөліп қарауға болады.

  1. Діни парыздарды түгелдей орындайды және мұны айналасындағы адамдардан да талап етеді.  Яғни, өздері секілді діни жоралғыларды мұқият орындамаған азаматтарға қырын қарайды. Бұл әрине радикалды сананың жемісі. Бұл қоғамда күн тәртібінде тұрған проблема деуге болады. Себебі, мұндай түсінікке негізделген сана қоғам үшін өте қауіпті. Мұндай дертке шалдыққан азаматтар кез келген пиғылы жаман миссионердің айтағына еріп кете береді. Бұған елден «қасиетті соғыс», «діни жиһад» жасаймыз деген ұранмен Сирияға аттанған жастарды жатқызуға болады. Бұлардың мұндай әрекетке баруына түрткі болған нәрсе олардың діни жоралғыларды тиісінше орындамаған азаматтарды кәпір санауынан. Олардың пайымынша шариғатпен басқарылмаған мемлекет – кәпір мемлекет. Міне, мұның қауіптілігі тереңде жатыр. Олар мемлекеттік құрылымға қауіп төндіреді. Жергілікті ұлттың салт-дәстүрін мойындамайды, тіпті айыптайды. Бұл діндарлықтан гөрі әсіре діншілдікке жақындау құбылыс. Біздің мемлекет кейбіреулер айтып жүргендей дінмен күресіп жатқан жоқ, осындай әсіре діншілдікпен, діни экстремизммен, діни радикализммен күресіп жатыр. Халық бұл мәселені жақсы түсінуі керек. Бізде осындай діншілдікке қарсы иммунитет қалыптасуы керек.
  2. Діни парыздарын өтейді, бірақ өзгелерден мұны талап етпейді, айналасындағы адамдардың діни ұстанымына құрметпен қарай біледі. Негізінде дәстүрлі исламның талабы да осы. Дін ұстанушы азаматтардың санасына осы принцип          қалыптасуы керек. Көп ұлтты, көп конфессиялы елде тұрып жатқандықтан біз өзгелердің сеніміне, көзқарасына төзімділікпен қарауға бейімделуіміз керек.

Себебі, бірлік, ынтымақ біздің басты құндылығымыз. Өз ұрпағымызға ата дінімізді, ұлттық тәрбиемізді мейлінше мұқият үйретеміз, бірақ өзгелерді біз секілді ойлауға үндемейміз. Кез келген дін өкіліне төзімділікпен қарап, сыйластықты басты назарда ұстаймыз. Негізінде толеранттылық ұғым ретінде болмаса да ислам дінінің рухында бар. Кезінде мұсылман патшалар өз елінің аумағындағы өзге дін өкілдерінің сеніміне құрметпен қарағанын, олардың ғибадатханаларын бұзбағанын  тарихтан жақсы білеміз. Асылында шынайы діндарлық қоғамның тыныштығын бұзуға, өзгелерге зиян беруге итермелемейді. Дінді қате не шала түсінгенде ғана ол қоғамға қауіпті тұлғаға айнала бастайды.

3. Дінге сенеді, бірақ діни жоралғыларды орындамайды. Яғни, өзін белгілі бір діннің өкілі санайды, алайда сол діннің міндеттеген міндеттері мен құлшылықтарын жүйелі орындамайды. Мәселен, кәлима айтып мұсылман екенін жария етеді, бірақ құлшылықты атқармайды. Біздегі санасы радикалдана бастаған діндар жастардың осындай азаматтарды айыптау фактісі көп кездесіп жатады. Бұл да діни төзімсіздіктің бір түрі. Ешбір адамды діни көзқарасына байланысты қоғамнан шеттетуге, кемсітіп, ар-намысына тиюге болмайды. Бұл заңда анық көрсетілген әрі зайырлылықтың басты талаптарының бірі.

4. Біздің қоғамда аз болса да атеист адамдар бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей біздің заңнама олардың да құқығын қорғайды. Ислам дінінің принциптеріне де бұл қайшы емес. Себебі, Құран Кәрімде «Дінде зорлық жоқ»[4] деген нақты аят бар.

Бұл аят қағидаға айналып кеткен деуге болады. Пікір алуандығы, діни ұстанымның әртүрлі деңгейде болуы қалыпты жағдай. Мұны барлық қоғамға тән дүние деуге болады. Кез-келген өркениеттің өзегінде дін деген құбылыс жатады. Дінсіз ешбір өркениет тарих сахнасына бұрын-соңды болған емес. Біздің де мəдениетіміз бен дəстүріміздің өзегінде мұсылмандық ойып тұрып орын алған. Алайда, асыл дініміз өткен кезеңдерде орын алған бодандықтың кесірінен уақытша тоқырауды бастан кешті. Мұның бəрі енді артта қалды, тəуба. Енді осы заманның ағымына сай қарыштап дамып, ағысынан адасқан суды өз арнасына салу осы ұрпақтың міндеті.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бір жиында: “Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде бұл өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін” – деген болатын. Сондықтан ата дінімізді ата-бабаларымыздың мұсылмандық мектебін тереңірек зерттеп, біле түсуіміз тиіс.



Әділхан ЖАҚСЫБЕК

 

[1] http://gtmarket.ru/news/2012/08/02/4743

 [2] http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1100000483 [3]https://baq.kz/kk/news/ruhaniyat/ateister_kukigi_korgaladi__kr_din_isteri_zhane_azamattik_kogam_vitseministri_20171211_165700

[4] «Бақара сүресі, 256-аят.

 

Пікірлер Кіру